Еліміздегі «Азық-түлік корпорациясы» 2 млн тонна бидайды 42 мың теңгеден сатып алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі «Азық-түлік корпорациясы» 2 млн тонна бидайды 42 мың теңгеден сатып алады

27.12.2017

Үкімет диқандарды демеді. Еліміздегі «Азық-түлік корпорациясы» үшінші сұрыптағы бидайдың 2 млн. тоннасын 42 мың теңгеден сатып алатын болды. Мұндай шешім Үкіметтің кешегі отырысында айтылған еді. Ал, бүгін Қазақстан фермерлері одағының президенті Әуезxан Дарынов «сол қаражатты әр диқанның қолына тигізу керек», - деді.

Биыл қыркүйек айынан бастап ішкі нарықта астықтың бағасы төмендеген-ді. Оған бірнеше салмақты себеп бар. Әуелгісі биыл Ресейде астық мол жиналды. Сәйкесінше, елімізбен шекаралас аймақтарда арзан астық көбейіп, заңсыз жолмен тарала бастады. Екіншіден, вагондар жетіспеушілігі проблемаға айналған. Соңғы себеп - азық-түлік корпорациясы сылбыр қимылдап жатыр. Бұл мәселеге байланысты фермерлер одағы министрлікке де, үкіметке де арызданды. Нәтижесінде, астық бағасының күрт төмендеуіне қарамастан, диқандардың өнімін бұрынғы бағамен сатып алу туралы шешім қабылданды. Әрбір фермерге тиесілі астықтың 20-30 пайызы сатып алынады.

Әуезxан Дарынов, Қазақстан фермерлері одағының президенті:

- Елу пайыз ғана шешілген мәселе деп айта аламыз қазір. Себебі, енді соның бәрін шаруа қожалықтарына жеткізу керек. Өздеріңіз жақсы білесіздер, бүгінде неше түрлі жағдайлар бар. Әкімге жақын отырғандар, басқалары бұрын алып қоюы мүмкін. Сондай жағдай болмас үшін біз Үкіметке ұсыныс жасадық. Жергілікті жерде әкімшілік қызметкерлерімен бірге Қазақстан фермерлері одағының мүшелері болуы керек. Қаржы фермерлердің біреуіне жетіп, біреуіне жетпей қалмауы керек.

 

Азамат НҰҒЫМАНОВ

Хабарламаларға жазылу