Оған қаладағы 20-ға жуық мекеме қатысып, өз туындыларын жұртшылық назарына ұсынды. Адамның қиялында шек бар ма?! Нағыз шеберлер қолынан шыққан шыршалар бірінен-бірі өтеді. Мәселен, «Қазақстан темір жолы» мекемесі шойын жолдан шырша жасаса, «Қарағанды жарық» компаниясы жоғарғы кернеулі бағандарды қарағайға айналдырған. Ал, коммуналдық мекеме қызметкерлері пластик шөлмектерден шырша тұрғызыпты.
Сондай-ақ, жоғарғы оқу орындары жаңажылдық ағашты кітаптан қалап шықса, «Арселор Миттал» компаниясы көмірден жасаған. «Шахтер» стадионының туындысы тіпті қызық. Спорттың бірнеше түрін бір шыршаның бойынан табасыз. Қазылар алқасы барлық туындыны мұқият қарап шығып, жеңімпаздарды марапаттады. Ал ерекше шыршалар мереке аяқталғанша қаланың сәнін келтіріп тұрады.
Ғалым Кенжебеков, Қарағанды Мемлекеттік университетінің мұғалімі:
-Университет болғаннан кейін кітаптарды фундамент ретінде қойып, осындай шырша дизайынын жасап шығардық.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ