Қазақстан Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етеді

04.01.2018

Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау, Ауғанстан мен Орталық Азия және Таяу Шығыс. Қазақстан қаңтарда Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық ете отырып, осы мәселелерге баса назар аударады. Мұны еліміздің осы ұйымдағы тұрақты елшісі және аталған кеңестің президенті Қайрат Омаров мәлімдеді. Дипломаттың сөзінше, Қазақстан - 15-елдік Қауіпсіздік кеңесіне басшылыққа сайланған Орталық Азиядағы бірінші мемлекет. Сонымен қатар, Астана қаңтардың соңына дейінгі төрағалығында объективтілік пен ашықтықты мақсат тұтып отыр. Омаров атап өткендей, қаңтардың 18-де Қауіпсіздік кеңесінде мемлекет басшылары мен министрлер деңгейінде, ядролық қаруды таратпау жөнінде тематикалық брифинг өтеді. Онда президент Нұрсұлтан Назарбаев үндеу жасайды деп күтіліп отыр. Ал, келесі күні Қазақстан Сыртқы істер министрі Орталық Азияда аймақтық серіктестік құру туралы дебатқа төрағалық етеді. Қаңтардың 25-де Таяу Шығыс, соның ішінде, Палестина проблемасы, Сириядағы ахуал, Африкадағы бітімгершілік операциялары талқыланады.

Айта кету керек, кейінгі күндері Солтүстік Корея мен АҚШ жетекшілері «ядролық түймешік» туралы бір-бірлеріне ескерту жасады. Астана бұл орайда дипломатияның үстем болғанын қалайды.

Қайрат Омаров, Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты елшісі:

 - Солтүстік Корея өзінің ядролық және зымырандық мүмкіндіктерін арттыруды жалғастырып жатыр. Бұған әрине, қарсымыз. Өйткені, кез келген дағдарыстық жағдайды бейбіт жолмен шешуге болады. Сондықтан, бұл жерде дипломатия басым түсіп, Корей түбегін ядролық қарудан тазартуға көмектесуі керек.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу