Жаңа жылдың алғашқы күні оралдық Мінәура Сәрсенова 100 жасқа толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа жылдың алғашқы күні оралдық Мінәура Сәрсенова 100 жасқа толды

04.01.2018

Ғасыр жасаған қария екі жыл бұрын Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылынан кенже ұлының қолына көшіп келген. Қазір немере-шөберелерінің қызығын көріп отыр. Өңірдегі тілшіміз жыл басында ғасырлық белесті аттаған кейуананың батасын алып қайтты.

Жүзге толған Мінәура апа әлі де тың, қимылы ширақ. Көз жанарынан нұры таймаған.  4 сыныптық білімі бар кейуана жастайынан ауылдың ауыр еңбегіне араласқан. Өзі тыл ардагері болса, отағасы соғысқа қатысқан. Майданнан аман-есен оралып, 70-ке қараған шағында өмірден өткен. Қазір ғасырмен құрдас қария 3 ұл, бір қыздан өрбіген 6 немере, 5 жиен, 4 шөбере мен 8 жиеншардың тілеуін тілеп отыр.

Мінәура Сәрсенова, 100 жаста:

 - Істемеген жұмысымыз жоқ. Мынадай рахатшылықты көргеніміз жоқ. Жылқы да, сиыр да бақтық. Балаларым, аман болыңдар, бақытты болыңдар!

100-ге жеткен ананың көңіл-күйі көтеріңкі. Ұзақ жасаудың сыры – адал ас ішіп, тынбай еңбек еткеннің арқасы деп біледі. Осы жасқа келгенше өткен ғасырдың небір зұлматын бастан өткерген. Әкесі «халық жауы» атанып, айдалып кетіпті. Ашаршылықта жылқының терісін де сорпа қылып ішіп, қиын-қыстау жылдары ер-азаматтармен қатар жұмыс істеген. Ал, қазір мерейтой иесі ұрпағының қамқорлығына бөленіп отыр.

Гүлфия Рысқалиева, немересі:

 - Әжем, адам өмірінің асқар шыңы – 100 жасқа толып отырғанына қуаныштымын, бақыттымын. Әрдайым батасын беріп, бізге ақылын айтып отырады.

Оралда 100 жастан асқан 11 қария бар. Оларға түрлі қоғамдық ұйым өкілдері құрмет көрсетіп, батасын алады. Бізге де кейуана ақ тілегін жаудырды.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу