2018 жылы Орта Азия елдерінің экономикалық көрсеткіші артады. Демография дамып, өзара ынтымақтастық да беки түспек. Бірқатар елдерде саяси өзгерістер орын алып, маңызды жобалар қаралады. Қазақстан халықаралық қатынастар кеңесінің мүшелері биыл Орталық Азияда болатын ең маңызды тақырыптарға шолу жасап, тұрақтылық пен қауіпсіздікке ықпалы бар он оқиғаны ерекше атап өтті.
Сарапшылар пайымына сүйенсек, биыл экономика бір орында тұрмайды. Өсім бар. Жалпы, Еуропа мен Орталық Азиядағы экономикалық өсім 2,7 % болады. Өсудің орташа қарқыны Қазақстанда 2-3 %, Қырғызстан 3-3,5%, Тәжікстан 5-6%, ал Өзбекстан мен Түркіменстанда шамамен 6 % болады. Алайда, бұл біздің экономика өңірдегі ең төмен деп санауға негіз емес. Себебі, көрші елдердің жалпы қаржылық айналымы бізден бірнеше есе төмен.
Найля Әлмұхамедова, сарапшы:
- Мұнайға деген бағаның сәл болса да жоғарылауы, бұл тенденция ұзақ мерзімде сақталады деген болжам бар. Белгілі бір металдар бағасының сәл болсын көтерілуі әсер етеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің шикізаты өседі деген сенім бар.
Биыл Орта Азия елдерінің өзара ынтымағы артады. Бұл бағытта түрлі жаңа кеңестер құрылмақ. Ал, Ресейдегі президент сайлауы 2018 жылдағы электоралдық оқиға ретінде есте қалмақ. Ауғанстанда өтетін парламенттік және жергілікті сайлау елдегі ішкі ахуалды өзгерте қоймайды, -дейді сарапшылар. Тағы бір қауіп терроризмнен. Себебі, Сирия мен Ирактан 500 содыр өңірге қайта оралған.
Ерлан Қарин, Қазақстан халықаралық қатынастар кеңесінің төрағасы:
- Қандай да бір қатерлі оқиға болмаса да бұл террористік қауіптің төмендегенін көрсетпейді. Біз соған назар аудартқымыз келді.
Ауғанстандағы әскери-саяси жағдай қиын болып қала бермек. Тіпті, шиеленісуі де ғажап емес. Өткен жылдың өзінде қарулы қақтығыстан құрбан болғандар саны – 18000-ға жеткен. Бұл 2001 жылы соғыс басталғаннан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Ал, демографиялық өсім көрсеткіші артады. Өткен жылы Орта Азия халқының саны 70 млн-нан асқан. Бұл өмір сүру ұзақтығының артуымен байланысты. Мәселен, Өзбекстан – 73,8 жас, Тәжікстан – 73,7 жас, Қазақстан – 72,4 жас, Қырғызстан – 70,9 жас, Түркіменстан – 70,4 жасқа жеткен.
2018 жылғы тағы бір маңызды саяси шара Қытайда өтеді. Көрші ел Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының кезекті саммитін қабылдайды. Мұнда «Бір белдеу, бір жол» бастамасының бес жылдығы қорытындыланады. 2018 жылдың қаңтарында Қазақстан азиялық өңірдің тарихында алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының мәртебесін иеленді. Бұл елдің беделі мен халықаралық абыройын арттыруға өз үлесін қосады. Төрағалық етумен қоса, Ауғанстан/Талибан және ИГИЛ/ДАЙШ/Аль-Каида бойынша комитет төрағасы болып, лаңкестік пен экстремизмге қарсы жұмыстарды қолға алады. Жылдағы үрдіс бойынша биыл да Орталық Азиядағы су мәселесінің өзектілігі артады. Тәжікстанда Орта Азиядағы ең ірі рогундық гидроэлектростанция іске қосылады. Сондай-ақ, 2018 жылы Бесінші Каспилік саммитті Қазақстанда өткізу жоспарланған. «Халықаралық Аралды құтқару қорының» 25 жылдығы қарсаңында су мәселесіне қатысты бірқатар бағдарламалар қабылданады деген болжамдар бар.
Сарапшылардың Орта Азиядағы жағдайды саралай келіп, болжаған биылғы маңызды оқиғалары осындай. Ал, бұдан бөлек, 2018 жылы еліміз бен әлем үшін талай ерекше шаралар өтіп, шешімдер қабылданатыны сөзсіз.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ