Депутаттардың аймақтарға сапары жалғасуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутаттардың аймақтарға сапары жалғасуда

10.01.2018

Парламент депутаттары еліміздің барлық аймақтарында қала, аудан, ауылдарды аралап, еңбек ұжымдарымен, сайлаушылармен кездесулер өткізуде. Елбасының кезекті Жолдауын түсіндіріп, оның ел экономикасын жандандырудағы рөлі туралы баяндауда. Мәжілістің бір топ депутаты Қарағанды, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарына барды.

Қарағанды құю-машина жасау зауыты 2017 жылы 6,6 миллиард теңгенің өнімін шығарған. Бұл бұрынғы жылдармен салыстырғанда екі есеге жоғары көрсеткіш. Кәсіпорын сандық технологияға көшу арқылы осындай мол табысқа қол жеткізіп отыр. Мәжілістің бір топ депутаты зауытқа арнайы барды. Жалпы Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жаңа Жолдауының өзінде индустрияландыру бағдарламасын табысты іске асырудың тиімді тетігі осы сандық технологияға көшу екені нақты айтылған.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Өндірісті индустрияландыру, модернизациядан өткізу, оны цифрлық экономикаға сүйене отырып дамыту, сөйтіп шығарған өнімді экспорттауға икемдедік. Міне, бүгінгі күні осы зауыт соның шешімдерін тапқан. Біз осыған риза болып отырмыз.

Агроөнеркәсіп саласын дамытудың өзекті мәселелерін кешенді түрде шешу керек. Өңірлерді аралап жүрген халық қалаулылары осылай деп отыр. Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаттары Омархан Өксікбаев  пен Құдайберген Ержан өңірдегі бірқатар өндірістік нысандардың жұмысымен танысты.   Халық қалаулылары атқарылып жатқан осындай игі істерге оң бағасын берді. Сондай-ақ, депутаттар «агроөнеркәсіп кешеніндегі мәселелер ортақ, оны  кешенді түрде шешу керек», - дейді.

Солтүстік Қазақстан облысында іcсапармен жүрген Мәжіліс депутаттары Парламент қабырғасында қабылданып жатқан заңдармен және жобалармен таныстырды. Қаңтар айынан бастап күшіне енген заңнамаларға түсінік беріп, сайлаушылардың талап-тілектеріне де құлақ түрді. Қазақстан халқы Ассамблеясының қабырғасында жиын өткізді.

Шакир Хахазов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Солтүстік Қазақстанда бірнеше күн болып, көптеген оң өзгерістерді байқадық. Алайда, тұрғындар тарапынан ауыл шаруашылығына, жұмыссыздық мәселесіне қатысты және ұстаздардың мәртебесін көтеру сынды сұрақтар қойылды. Аймақтардағы сапарымыз аяқталған соң бұл проблемаларды өз деңгейімізде көтеріп, шешілуіне атсалысамыз.

Жалпы депутаттар 12-қаңтарға дейін еліміздің аймақтарын аралап, халықпен кездеседі. 

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу