Қызылордада «Бизнес-бастау» жобасы сәтті жүзеге асырылуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада «Бизнес-бастау» жобасы сәтті жүзеге асырылуда

15.01.2018

Былтыр осы жоба аясында 900-ден астам азамат біліктілігін арттырып, 358 кәсіпкер мемлекеттік қолдауға ие болды. Өңірде  шағын және орта бизнесті қолға алған кәсіп иелері жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр.   

Тігін цехының иесі-Жадыра. Жас болса да сүйікті кәсібінің көзін тауып, тірлігін дөңгелетті. Жылдан-жылға жұмыс ауқымы артып  келеді.  Өз ісін жетік білетін маман мемлекеттің қолдауын да тиімді пайдаланды.

Жадыра Құлмырзаева, жеке кәсіпкер:

- Әрі қарай даму үшін Кәсіпкерлік палатасына жүгіндім. Сол жақтан бизнес жоспар жасатып, консультация алып, әрі қарай Ауыл шаруашылығын қаржыландыру қолдау қорынан ақшалай көмек алып тұрмын. Екінші тігін шеберханасын аштық.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының «Қолдау» бағдарламасы аясында 1 млн. 600 мың теңге несие алды. Қазір бұл екі цехта  4 адам еңбек етеді. Олардың әрқайсысы тігіннің барлық түрін жетік меңгерген, нағыз маман. 

Роза Ахметова, тігінші: 

Мектеп оқушыларына форма тігеміз. Автобус кассирларын жакеттермен жабдықтаймыз.

Ісмерлер қыз жасауын да дайындайды. Ұлттық нақышта безендірілген көрпе-төсек пен түрлі жабдықтардағы ою-өрнектер көздің жауын алады. Бастысы, сапа жақсы. Сондықтан, шебер жандардың алтын қолынан шыққан әрбір бұйымға көпшілік разы. 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу