Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазығұрт ауданы Жаңабазар ауылының балалары осыдан 84 жыл бұрын салынған ескі үйде білім алып жатыр. Қабырғасы саман кірпіштен қаланған білім ұясының бір бөлігі апатты жағдайда. Қақыраған қабырғасы мен шатыры құлап кетпес үшін әр жерінен тіреуіш орнатып қойған. Әдепкіде баспана үшін салынған ғимаратта асхана, мәжіліс пен спорт залының жоқтығы былай тұрсын балалар аядай тар бөлмелерде оқуға мәжбүр.
Жаңабазардағылар мектеп етіп отырған ғимараттар өткен ғасырдың 30-40 жылдарында салынған. Онда да тұрғын үй ретінде. Кейіннен мектепке ыңғайлағанымен бөлмелері аядай ғана. Парта мен тақтаның арасы бір адым. Бөлме жетіспейтін пәндік зертханалық жұмыстар талапқа сай жүргізілмейді. Мәдени спорттық шараларды өткізетін де жер жоқ. Осы ахуалдағы мектепте қазір 402 бала білім алып жүр.
Төбесіндегі бел ағаштары майысып, қабырғасы қақырай бастаған соң мектептің бір ғимаратын тарс жауып, құлыптап қойғалы оншақты жыл болды. Жаңа мектеп салу керек деген әңгіме содан бері айтылып келеді. Сырғи-сырғи құрылыс биыл басталмақ.
Серік Тойлыбаев, аудан әкімдігі Сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы:
- Жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Алдағы уақытта жеңімпаз анықталып, 2-3 ай көлемінде құрылысы басталады.
Қазығұрт ауданында тап осындай апатты жағдайда тұрған тағы екі мектеп бар. Бірі Қызыл сеңір ауылында, екіншісі Жылыбұлақта.
Мұхтар Ахметов, аудандық Білім бөлімінің бас маманы:
- 2019 жылы бұл апатты үш мектебіміз де бітеді. Ал, Қызыл сеңгір мектебі биыл қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Сонда біздің 3 апатты мектебіміз жойылады. Орнына типтік мектеп салынады.
Бұл мектептердің құрылысына облыс қазынасынан 40 миллион теңге бөлініп отыр. Қалғаны республикалық бюджет есебінен қаржыландырылмақ.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ