Көпбалалы отбасы көмекке зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көпбалалы отбасы көмекке зәру

18.01.2018

Бастарында баспанасы жоқ бес баланың анасы отбасын жалғыз өзі асырап отыр. Әйеліне ауыртпалық түсіргісі келмегенмен, отағасы еңбек етуге дәрменсіз. Себебі, бауыр циррозына шалдыққан. Ал, жұмыс істейтін бір адамның айлығы үлкен отбасына жетпейді. Осылайша, тулақтай жерді жалдап, бөлмеге әрең сыйып отырған олар «әупірімдеп күнелтіп отырмыз», - деп күйзелісін жеткізді.

Мына үйдің аядай бір бөлмесі Асадовтар отбасына бұйырды. Тарлық етсе де, басқа барар жері жоқ. Айына 25 мың теңге төлейді. Есік сәл ашылса, үйдің ішіне жел улейді. Одан қалса керіліп-созылып жата да алмайды. Бәрінен 15 жастағы жалғыз қызына қиын. «Ылғи қысылып-қымтырылып жүреді», - дейді. Үлкен ағасы үкілі үмітпен тұрақты қызмет іздеп жүр. Ал, інілерінің сыртқа білдірмегенмен, сыры көп.

Ерасыл Асадов, Б.Асадовтың ұлы:

- Велосипед ұнайды. Бірақ, ол қазір маған маңызды емес. Өйткені, маған маңыздысы - анамның, әкемнің денсаулықтары. Әр жұма сайын алақан жайып, Алладан бәрін сұраймын.

Отағасы Бахтияр Асадовтың диагнозы – бауыр циррозы. Ол қазір артық қимылдамайды. Себебі, денесіне түтікше жалғанған. Одан сары су ағып тұр. Ауруханаға бірнеше рет жатып шыққан. «Ал, денсаулығым тәуір кезде жүк көлігін айдап, әулетім ештеңеден тарықпай, жайлы үйді жалдап тұрғанбыз», - дейді. Енді қамал бұзар 40-тан асқан жасында масыл болғанына намыстанады.

Бахтияр Асадов, Астана қаласының тұрғыны:

- Өзің таппағаннан кейін келіншегіңнің табысын жеп жатқаннан ұялады екенсің. Ол азаннан кешке дейін жұмыста. Жаурадым деп келеді.

Ал, Жәмила Асадова ертелі-кеш еңбек етеді. Екі жерде еден жуып тапқан-таянғанын бес баласы мен науқас жолдасының аузына тосады.

Жәмила Асадова, Астана қаласының тұрғыны:

- Кейде арасында жалданып, үй жинауға барамын. Жұмыстан қашып тұрған жоқпын. Бала-шағам үшін, күнкөріс үшін еңбек етемін. Соларды ешкімнен кем қылмай өсірсем деймін. Дендері сау болып, ертең қолғанат болса деймін.

Асадовтар отбасы 2004 жылы Түркістаннан көшіп келді. Астанада үш балалы болды. Бірақ, әлі күнге дейін пәтер жалдап жүр. Жәмила Асадова тұрғын үй кезегіне тек 2007 жылы тіркелді.

Әсем Исина, Астана қаласының Тұрғын үй басқармасы бөлімінің бас маманы:

- Бүгінгі таңда оның кезегі - 909. Яғни, оның алдында осынша адам кезекте тұр деген сөз. Ал, бізде пәтерді соңғы рет 2005 жылы тұрған азаматтар алды. Тұрғын үй қатынастары заңы бойынша ешкімнің ешқандай басында құқы жоқ. Яғни, заңның шегінде көпбалалы отбасыларға жеңілдіктер қарастырылмаған.

Бахтияр Асадов мүгедектікке шықпай отыр. Ол өзін қызметтен шектегісі келмейді. «Ауруымнан айыққан бойда тынымсыз талаптанып, шаршауды білмей еңбек етемін», - дейді. Алайда, қайырымды жандардың дәл қазір қарасқаны қысылғанда қолдау болар еді.

Көп балалы Жәмила Асадоваға қол ұшын берем деген қайырымды азаматтарға экранда көрсетілген есепшотқа қаржы аударуына болады.

ШОТ № - 4402 5735 3879 9828 ХАЛЫҚ БАНК 

87073460734 ЖАМИЛА АСАДОВА

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу