ШҚО-да аязға байланысты 15 ауданда сабақтар доғарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да аязға байланысты 15 ауданда сабақтар доғарылды

22.01.2018

Шығысты да шыңылтыр аяз қысып тұр. Бүгін облыс орталығында термометр бағаны минус 30 градусты көрсетсе, кей аудандарда ауа температурасы минус 40-қа таяған. Сол себепті, Өскемендегі мектептерде 1-ден 9-сыныпқа дейін, аудандарда  11-сыныпқа дейін сабақ доғарылды. Синоптиктердің айтуынша, қатты аяз апта бойы сақталмақ. Қаңтардың 24-26 аралығында термометр көрсеткіші 45 градусқа дейін көтеріліп, аяз үдей түспек. Қолайсыз күн райы көлік жүргізушілерін де әуре-сарсаңға салуда. Таңертеңнен бері олар көліктерін оталдыра алмай, жұмыстан қалуға мәжбүр.

Жансерік Ханай, көлік жүргізушісі:

- Дала аяз. -30-ды көрсетіп тұр. Түнде, бәлкім, одан да төмен болған шығар. Машинаның әбден майы қатып қалған. Оталмайды. Амал жоқ, дәнекерлейтін шаммен қыздыруға тура келеді.

Анастасия Скляр, облыстық ТЖД баспасөз хатшысы:

- Қазір 15 ауданда сабақтар доғарылды. Ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты екінші ауысымда оқитын балалар да оқымайды. Сонымен қатар, бір бағыт бойынша дизель отынын тұтынатын жолаушы тасымалдаушы көліктердің қозғалысына да шектеу қойылды.

 

Зарина ҰЛЫҚБЕК 

Хабарламаларға жазылу