Павлодардың Төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодардың Төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті

22.01.2018

Мектептерде оқу тоқтатылып, барлық бағыттар бойынша көлік қозғалысына шектеу қойылды. Облыс аумағынан шығатын жолдарда жедел көмек бекеттері құрылды. Ол жерде 40 техника және 150-ге тарта жеке құрам қызметкерлері кезекшілік етуде. Сақылдаған сары аязда бірнеше көлік отқа оранды.

Бүгін таңғы сегізде Торайғыров пен Кутузов көшелерінің қиылысында трамвай әп-сәтте отқа оранды. Қатты аяздан электр кабелі морт сынып, көліктің үстіне түсіп, от ұшқындаған.  Қоғамдық көлік ішінде бес-ақ адам болған. Олар дер кезінде сыртқа шығып үлгерді.

Тимофей Голев, «Трамвай басқармасы» АҚ ресми өкілі:

- Қатты суықтың әсерінен болған жағдай. Бүгін таңертең 40 градус аяз болды. Апат орнына дереу жетіп, екі сағатта жөндедік. Жанған көлікті сүйреп әкеткен соң таңғы сағат 10-да трамвайлар кестеге сай жүре бастады.

Ал, кеше қаланың қақ ортасында жолаушылар автобусы өртенді. Өрт сөндірушілер келіп жеткенше көліктің артқы бөлігі тұтастай жанып кетті.

 Тілекжан Ғалямов, қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы:

- Өрттің жалпы ауданы 6 шаршы метрді құрады. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің басталуының себебі - қозғалтқыштағы қысқа сымдардың тұйықталуы.

Аяз түскен екі күн ішінде ондаған жеңіл көлік отқа оранды. Көбі газбен жүретіндер.

Қазір қаладағы барлық қоғамдық көліктердің техникалық жағдайы бастан-аяқ тексеріліп жатыр. Себебі, аязды күндер әлі алда. Ертең ауа температурасы шамамен 45 градусқа дейін төмендейді. Сондықтан, арнайы штаб аяздың беті қайтқанға дейін алыс жолға шығуға тыйым салды.

 

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу