ОҚО-да индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған зауыт тоқтап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-да индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған зауыт тоқтап тұр

22.01.2018

Оңтүстік Қазақстан облысында индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған зауыт тоқтап тұр. Қазығұрт ауданындағы тез әзірленетін тағам шығаратын кәсіпорын сұраныстың жоқтығынан өнімін өткізе алмай отыр. Тығырыққа тірелген зауыт қожайындары жұмысшылар санын қысқартып, өндіріс қуатын 90 пайызға дейін төмендетті.

Бұл - зауыттың алғаш іске қосылған кезіндегі бейнекөріністер. Шетелдік импортты ығыстыруға бағытталған инвестициялық жобаға 471 миллион теңге жұмсалды. 48 адам жұмысқа алынды. Зауыт басшылығы жылына 1 мың 92 тонна өнім шығарылатынын мақтанышпен айтты.

Ал, мынау тап сол зауыттың қазіргі көрінісі. Импортты ығыстырады деген отандық өндіріс қайта нарықтан өзі шығып қалды. Қондырғылар тоқтап тұр. Өндірістің өзегіне қан жүрмегелі бірнеше ай. Былтырдан бері бар болғаны 10 тоннадай ғана өнім шығарған. Жұмысшылар саны үш есеге қысқарды.

Бақтияр Кенжеханов, кәсіпорын директоры:

- Шығын көбірек болғаннан кейін өнім қымбаттау болған. Сондықтан, зауыт өзінің қуаттылығының 10 пайызына жұмыс істеп жатыр. Оны толық істейін десек, сауда жағы қиын. Өнімнің бәрі Ресейден келген, басқа мемлекеттерден келген өнімдер.

Зауыттың қазір шығарып жатқаны бұрынғы кеспеге салынған кеспе емес. Жанында дәмдеуіші де жоқ. Қалтада құр кеспе. Бұл өнім бағасын арзандату үшін жасалып жатқан амал. Кәсіпорын жұмысшылары осы өнімін арқалап, апта сайын Шымкенттегі жәрмеңкеге апарады. Сауда қатарында тегін тұратын орны бар. Тірлігі тұрағалаған өндіріске аудан әкімдігінің берген  жалғыз көмегі осы болды.

Нұрбол Оңтаев, Қазығұрт ауданы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы:

- Сарыағаш ауданына, басқа аймақтарға шығарып сату ойымызда бар. Содан соң базар орталығында өзіміздің дүкендерге шығарып жатырмыз.

Зауыт енді өнім сапасын жақсарту үшін қытайлық технологияға негізделген өндірісін жаңартуға көшті. Тағамның дәмдік ерекшелігін өзгертпек.

Бақытжан Сартбаев, технолог:

- Дәмдеуіштердің бәрін  Ресейден алатын болдық. Дәмдерінің барлығын өзіміздің аймаққа  лайықталған дәм етіп әзірлейміз.

Жаңа технологияның өндіріске қашан енгізіліп бітетіні әзірге белгісіз. Сондай-ақ, өзгерген өнімнің сапасы мен сұранысы қалай боларын дөп басып ешкім айта алмай отыр. 

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу