ШҚО-да сары аурудың жасырылғаны анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да сары аурудың жасырылғаны анықталды

23.01.2018

Шығыс Қазақстан облысында 19 науқастың «Гепатит А»-ға шалдыққаны жасырылғаны анықталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы мәлімдеді. Жандарбек Бекшин бұл вирус тек амбулаториялық жағдайда емделуі тиіс екенін атап өтті.

Ал, Үржар ауданында балалар алғашқыда үйлерінде емделген көрінеді. Кейін аудандық ауруханада да бақылау дұрыс жасалмаған. «Бір қыз баланың қайтыс болуы да жергілікті дәрігерлердің немқұрайлы қарап, тиісті ем-шара қолданбауынан болуы мүмкін», - дейді еліміздің Бас санитар дәрігері.

Мамандар бала гепатиттің  «Е» түрімен ауырды деп отыр. Өрескел қателіктер жіберген дәрігерлер қандай жазаға тартылатыны әзірге белгісіз. Оқиғаның анық-қанығы зерттеліп жатыр. 

Ал, Қарағанды облысында 25 адамның осы вирусқа шалдыққаны зертханада дәлелденіпті. Шет, Бұқар жырау аудандары мен Саран, Абай қалаларының науқастары қазір Қарағанды облыстық инфекциялық ауруханасында жатыр. Олардың 7-і ересек, 12-сі оқушы екен. Теміртауда да 7 адам сары ауруды жұқтырған. Қазір вирус анықталған аймақтарда науқастармен байланыста болған балаларға гепатитке қарсы екпе егіліп жатыр.  

Альбина  ӘШІМ      

Хабарламаларға жазылу