Қызылордада саяжай тұрғындары елді мекен мәртебесін сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада саяжай тұрғындары елді мекен мәртебесін сұрайды

26.01.2018

Қызылорданың іргесіндегі Сабалақ саяжайында 7 мың тұрғын бар, бірақ, мектеп жоқ. Балалар орталыққа қатынап оқиды. Жақын жердегі білім ошақтарынан арнайы автобус күніне үш мәрте келіп-кетеді. Әсіресе, қыстың суық күндерінде балаларға оңай соқпайды. Саяжайдағылардың көрген бейнеті бір бұл емес. Елді мекендегі жұрт ішер суға да жарымай отыр. 

Светлананың мұнда көшіп келгеніне 10 жылдан асқан. Содан бері көрген күні осы. Жазда баспа құдықтың суын ішсе, қыста ол қатып қалып, әбігерге салады.

Светлана Омарова, саяжай тұрғыны:

- Қыста оның ішіне ыстық су құямыз, мұзды әрең ерітіп, суды ағызамыз. Қатты аязда жібімейді. Ол кезде сусыз отырамыз. Қиын жағдай, әсіресе, балалы үйге өте қиын. Біздің жайымызды кім түсінеді, бізге кім көмектеседі?

Ал, Айнұр балалары үшін амал жоқ, суды сатып алады. Өйткені, баспа құдықтың суы сапасыз. 

Айнұр Мүбәракова, саяжай тұрғыны:

- Қаладан сатып алып келемін. Балалар ішеді. Суды бей-берекет құртпаймыз, ұқыпты пайдаланамыз.

Балалар қаладағы мектепке бару үшін автобус күтіп тұр. Оларға арнайы көлік келеді, бірақ орталық көшедегі аялдамаға дейін оқушылардың кейбірі саяжайдың арғы шетінен 2,5 шақырым қашықтықтан жаяу келеді. Боранды күндері кішкентайларға обал.

Мағфура Мадиярова, саяжай тұрғыны:

- Балабақша жоқ. Мектеп те жоқ әлі. Немерелерімізді таңертең шығарып саламыз. Кішкентайын барып алып келеміз. Үлкендері автобуспен келеді.

Халық қаланың іргесінде тұрып, өркениеттен қалыс қалғандарына қапалы. Жарық та мардымсыз. Кіреберіс көшеге тартылған сым әрі қарай жетпей қалған. Газ жоқ, от жағады. Қалаға тиіп тұрса да, екі ортаға бір ғана қоғамдық көлік қатынайды. Жергілікті билік өкілінің айтуынша, биыл су мәселесі шешіледі, ал, мектеп пен басқа да проблемалар туралы айту әлі ерте.

Пахуатдин Шамұратов, Тасбөгет кентінің әкімі:

- Бұл жерде ашық айтып кету керек, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге әлеуметтік нысандар құрылыстар салуға негіз болып табылмайды. Бірақ, осының бірінші кезеңдерінде топографиялық түсірілімдер жасауы керек, бас жоспар әзірлеуіміз керек, сонымен қатар, елді мекен санатына ауыстыру жағын қарастыратын боламыз.

Демек, қалаға қарасты Тасбөгет кентінің құрамына кіретін саяжай елді мекен мәртебесін алмай,  мәселе шешілмейді.   

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу