Қызылордалық 9 жасар Ділнәздің салмағы -75 келі. Кішкентай баланың бұлайша, күннен-күнге ауырлап бара жатқанына ата-анасы алаңдайды. Ал, дәрігерлер нақты диагноз қоя алмай отыр. Негізі Ділнәз туа бітті гидроцефалия дертіне шалдыққан, одан бөлек, денесінің сол жағы қозғалмайды. Бойында тағы бірнеше дерт бар. Бүлдіршін дәл қазір балалық шақтың бал дәмін татудың орнына қоларбаға таңылып, дәрменсіз күй кешуде.
Ол өзге балалармен ойнамайды, өзгелер секілді құлдыраңдай жүгірмейді, өз еркімен қимылдап, қажетті затын да ала алмайды. Салмақ артқан сайын қозғалысы тіпті қиындап барады. Айына 1-1,5 келі қосылып жатыр.
Гүлнәр Әбдіхалықова, Ділнәздің анасы:
- Айдан-айға, күннен-күнге өсіп жатыр. Колясканың өзіне отырғыза алмай жатырмыз. О бастағы диагнозы гидроцефалия, бір аппаратпен тексереміз деп отыр. Сол арқылы білеміз енді.
Ол аппарат Түркияның Стамбул қаласындағы медициналық орталықта ғана бар. Қаражат болса, ондағылар баланы қабылдауға әзір. Ділнәздің ата-анасы жомарт жандардың көмегімен біраз ақша жинады. Енді, тек 700 мың теңге жетпей тұр. Дәл қазір бұл отбасына көпшіліктің қолдауы ауадай қажет. Уақыт та тығыз. 5- ақпан күні Ділнәз ата-анасымен Стамбулда болуы тиіс.
Гүлнәр Әбдіхалықова, Ділнәздің анасы:
- Бар арманымыз Ділнәз жүріп кетсе дейміз. Осы қызды уайымдаймыз. Аяққа жүріп ең болмаса өзінің нанын тауып, басқа балалар қатарлы білім алып, адам болса екен.
Бауыр еті баласының қиналғанын көру ауыр, әрине. Ділнәзінің дерттен айыққанын күндіз-түні тілеген анаға жеткіншектің өмірге құштарлығы көңілге медеу, жанына жалау.
Ділнәз Әбдіхалықова:
- Аяғыммен жүргім келеді. Өскенімде аудармашы болуды армандаймын.
Гормондық ауытқушылық Ділнәздің ағзасын да ерте жетілдіріп жатыр. Бұл да алаңдатарлық жағдай. Сондықтан, әр күн, әр сағат, әр минут маңызды. Қол ұшын созамын деген мүмкіндігі бар азаматтар болса, Ділнәздің анасының телефон нөмірін ұсынамыз. Байланыс нөмірі: 87054328413.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ