Ресей президенттігінен үміткер Эльвира Агурбаш сайлауға түспейтін болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей президенттігінен үміткер Эльвира Агурбаш сайлауға түспейтін болды

01.02.2018

Біздің бұрынғы отандасымыз Ресей президенттігінен үміткер Эльвира Агурбаш сайлауға түспейтін болды. Себебі ол дер кезінде сайлаушылардың қолын жинап үлгермеген. Бұған ол Ресейдің Орталық сайлау комиссиясын кінәласа, комиссия өкілдері «біздің жақтан еш кедергі болған жоқ»,- дейді.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

 - Ресей Федерациясы президентінің сайлауына тура 44 күн қалды. Күн өтіп, сайлау жақындаған сайын, саяси науқанның көрігі қызып келеді. Оның үстіне алғашында Президент болғысы келген үміткерлердің саны көп болғанымен, қазір олардың қатары күн санап сиреп барады.

Жарыс жолынан шығып қалған сондай үміткердің бірі - Эльвира Агурбаш. Ол 2000-шы жылдан бері Ресей азаматы. Яғни, заң бойынша Президент сайлауына түсуге еш кедергі жоқ. Алайда, өзінің айтуынша, дәл осы азаматтық мәселесі оның алдынан кес-кестеп шыққан. «Жасылдар альянсы» партиясының атынан түскен үміткер, саяси ұйымға да қысым болды, - дейді.

Эльвира Агурбаш,  РФ президенттігіне үміткер:

- Орталық сайлау комиссиясына мен Қазақстанның азаматы емеспін деген Елшіліктен алынған анықтаманы апардым. Алайда, олар бұл құжат жеткіліксіз деп, Ресейдің Сыртқы істер министрлігіне сұрау жіберіпті. Сол жақтан менің 2 бірдей азаматтығым бар деп айтқан секілді. Алайда, оны растайтын ешбір құжатты маған көрсетпеді. Сосын біздің партияның бөлімше қызметкерлерін жаппай тергеп-тексере бастаған соң олар қол жинауды тоқтатып, маған үміткерліктен бас тарт деді. Алайда, мен өз күшіммен қол жинауды жалғастырдым. Бірақ, тиісті 105 мың қолдың қалған 37 мыңын дер кезінде жинап үлгере алмадым.

Осылайша, біздің бұрынғы отандасымыз Ресейдің Орталық сайлау комиссиясын айыптап отыр. Ал, комиссия төрағасы Элла Памфилова болса, Ұлттық арнаға берген жеке сұхбатында «партияны тексеру қалыпты жағдай», -  деді.

Элла Памфилова, РФ Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Үміткердің, оның партиясының не үшін айғай-шу шығарғанын білмеймін. Бірақ, қандай да бір құжат келіп түссе, оны тексеру біздің міндетіміз. Мәселен, қалған 9 партияны да дәл солай тексердік. Азаматтыққа орай мәселелерді біз әзірге кейінге қалдырдық. Азаматтыққа қатысты екі түрлі құжаттың болғаны рас. Бірақ, дәл қазіргі таңда мәселе Агурбаштың азаматтығына тіреліп тұрған жоқ.

Эльвира Агурбаштан бөлек, тағы 6 үміткер түрлі себеппен дер кезінде қол жинап үлгермеді. Ал, Орталық сайлау комиссиясы бұл науқанның аяқталғанын жариялады. Әзірге 8 адам президенттіктен үміткер. Енді олар өткізген қолдың рас-өтірігі тексерілген соң, 10-шы ақпанда нақты қанша адамның сайлауға түсетіні белгілі болады.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу