Көпбірлік ауылының тұрғындарын алаңдатқан мәселе көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көпбірлік ауылының тұрғындарын алаңдатқан мәселе көп

02.02.2018

Алматы облысы Көпбірлік ауылының тұрғындары ауызсуға зәру. Елді мекенге су жүйесі 2013 жылы тартылған. Алайда, тұз татыған су ішуге жарамсыз болып шықты. Жылдар бойы тіршілік нәрінен таршылық көрген жұрт амалсыздан арнамызға хабарласып, көмек сұрады.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

- Көпбірлік ауылында әрбір үйге су тартылған. Бірақ, халық осы бір құдықтың суымен жан бағып отыр. Себебі, бұл құдықтың суы тұщы, ал үйге әкелінген судың дәмі ащы. «Тіпті мына шелекті тесіп жібереді», - дейді жергілікті тұрғындар.

5 жыл бұрын су жүйесі тартылғанда ел қуанды. Бірақ, қуаныш ұзаққа созылмады. Уақыт өте судың дәмі өзгеріп, сапасы төмендеді. 100-ден астам шаңырақ ауыл іргесіндегі жалғыз құдыққа телміріп қалды. Саршұнақ аязда су тасыған тұрғындардың жылда көргені - осы. Ал, үйді-үйге тартылған су тек тұрмыстық қолданысқа ғана жарамды. 

Нұрқасым Баймұқанов, Көпбірлік ауылының тұрғыны:

- Ыдыс жууға қолданбасақ, былай ішпейміз. Таңертең үйдегі суды ағызсаң, шелектің іші сап-сары тат болып тұрады. Оны іше алмайсың.

Миллиондаған қаржыға тартылған судың таңдайға татымы болмай қалды деген жұрт мәселені аудан әкімінің есебінде төтесінен қойды. Судың ішуге жарамсыз екенін билік те растап отыр.

Жәнібек Тасыбаев, Қаратал ауданының әкімі:

- Биылғы жылы тексеріс жүріп, хлордың көрсеткіштерінің артық болуына байланысты нормаға сәйкес келмейтіндігі анықталды.

Ауызсудан бөлек, ауыл тұрғындарын жол мәселесі де мазалайды. Аудан орталығына дейінгі 180 шақырым жол шұрық-тесік. 30 шақырымы мүлде жүруге жарамсыз. «Әсіресе, көктем мен күзде батпаққа батып, бейнет шегеміз», - дейді тұрғындар. Ауызсуға жарымаған ауылдың жолы да жуық арада жөнделмейтін сыңайлы. Себебі, бюджетте қаржы жоқ.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу