Балқаш ауданында агроөнеркәсіп саласы өркендеп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балқаш ауданында агроөнеркәсіп саласы өркендеп келеді

05.02.2018

«Ақ күріштің алқабы» аталатын Балқаш ауданында бүгінде агроөнеркәсіп саласы дамып келеді. Жолдауда жүктелген міндеттерге сай, биылдан бастап жергілікті аграрлар «ақылды технологияларды» енгізіп, экспорт көлемін арттырмақшы. Егін егіп, дәнді дақыл өсіретін диқандар техникаларын жаңартуға көшсе, фермерлер ет өндірісін өркендетпекші.    

Бақанас ауылының тұрғыны Сұлтан Шәріпұлының мамандығы - фермер. Ол бұған дейін үйрек, қаз, тауық өсіріп келді. Әлі де солай. Бірақ, осыдан екі жыл бұрын мал шаруашылығына ден қойып, қазір асыл тұқымды бұқаларды бағып отыр. Кәсіпкер мемлекет тарапынан қолдау болған соң, елді мекенде ет өндірісін еселемекші.  

Шағын және орта бизнесті дамыту үшін озық технологиялар қажет. Себебі, бұл заман талабы. Сондықтан, бақ дарыған Балқаш ауданының кәсіпкерлері биылдан бастап агроөнеркәсіп кешендерін инновациялық бағытта жүргізбекші. Сондай-ақ, экспорттық әлеуетті арттырып, инвестиция көлемін де көбейту жоспарда бар.

Ғалым Тоқпейісов, Балқаш ауданының әкімі:

 - Биыл ауыл шаруашылығында 21 млрд. теңгеден астам өнім өндірілді. Өткен жылмен салыстырғанда 103, 1 пайызға орындалды.

Жер жыртып, егін салатын, балық аулап, төрт түлік өсіретін Балқаш жұрты «Агробизнес-2020», «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» сияқты бағдарламалардың игілігін көріп отыр. Ауданда қазір екі мал бордақылау алаңы тұрақты жұмыс істеп тұр. Былтыр шаруалар 16015 тонна ет өндіріп, оның 30 мыңын көрші Қырғыз еліне экспорттаған.  

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу