Арал ауданына қалың қар түсіп, қатынас қиындады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арал ауданына қалың қар түсіп, қатынас қиындады

06.02.2018

Әсіресе, 12 мыңнан астам халқы бар Сексеуіл кенті мен оған қарасты елді мекендер  арасын  жалғайтын жолдар жабылып қалды.  Аудан орталығына да жету қазір мұң болып тұр. Әсіресе, науқасқа көмек көрсету үшін жолға шыққан жедел жәрдем бригадаларына діттеген жерге жету қиын.    

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

- Бригада жолға шықты. Баратын бағыт - Ақеспе ауылы. Ол Сексеуілден 60 шақырым қашықта орналасқан. Жолды омбы қар басқан. Дәрігерлер сақылдаған сары аязда  жеті сағат жол азабын тартты. Бармауға болмайды,  ауыр жағдайдағы науқасқа шұғыл көмек қажет. 

Данияр Маханов, Сексеуіл станциялық жедел жәрдем бөлімшесінің меңгерушісі:

- Үлкен автокөліктер болмаса, біздің қазір жүріп жатқан «УАЗик» маркалы автокөліктеріміз жолға жарамсыз.  Арнайы салып алған күректермен жолды аршып, әрі-бері жүріп шығамыз. 

Діттеген жерге әрең дегенде жетті. Науқасты алып кері қайтты. Қайтар жолда да дәл сол қиындық. Ұйытқи соққан боран қарды тағы үйіп тастаған.

Бұл жылда болатын жағдай. Тұрғындар мойынсұнған. Бірақ, айы-күні жеткен жүкті әйелдердің өмірі қаһарлы қыста қыл үстінде. Себебі, ауылдар түгілі мыңдаған тұрғыны бар ірі елді мекен Сексеуілде перзентхана жоқ.

Өркен Сансызбай, Сексеуіл кентінің тұрғыны:

- Айтатын өтініш, перзентхана керек. Босанайын деп жатқан әйелді апару үшін таксилер 5-10 мың ақша сұрайды. Жол қатынасы өте қиын.

Дәрігерлерді де алаңдататыны - осы. Ал, әкімдіктегілер мәселені қазір шешуге дәрменсіз. Жолды қардан тазалауға қаражат бөлінбейді.

Бұрын жұртшылық аудан орталығына халық арасында   «Тоқылдақ» деп аталған екі вагондық пойызбен жететін. Қазір ол да жоқ. Сондықтан, қыс түсіп,  қалың қардың құрсауында қалған аралдықтарға жолды аршып, өз беттерімен әрекет етуден басқа амал жоқ.   

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу