Жұмысты жоғалту бойынша берілетін өтемақы мөлшері өсуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жұмысты жоғалту бойынша берілетін өтемақы мөлшері өсуі мүмкін

07.02.2018

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жұмысты жоғалту бойынша берілетін әлеуметтік өтемақы мөлшерін өзгерту туралы заңнамаға өз ұсыныстарын енгізуге ниетті. Бұл туралы  «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ президенті Сәуле Дүйсенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Еске сала кетсек, 2017 жылы жұмыстан айырылу жағдайы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 36 мың адамға әлеуметтік төлем берілді, оның орташа көлемі 21 мың теңгені құраған еді. Жүктілік пен босану, жаңа туған баланы асырап алу бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры төлемінің орташа көлемі шамамен 370 мың теңгені құрады. Мұндай төлем 180 мыңнан астам адамға берілді. Бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемнің орташа көлемі 26 мың теңгеден асты, тап осы төлем 435 мыңнан астам азаматқа берілді. Тағы 79 мың тұрғын еңбекке жарамдылықты жоғалту бойынша 12 мың теңгеден әлеуметтік төлемақы алған.

Сәуле Дүйсенова, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ президенті:

- Әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болған адамның жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем алуға құқылы екенін түсінеміз. Халықаралық еңбек ұйымының кеңесі бойынша, өтемақы көлемі табыстың 40 пайызын құрауы тиіс. Президент Жолдауы аясында бұл процесті зерттеп жатырмыз және жұмысынан айырылған жандарға берілетін өтемақының мөлшерін өзгерту бойынша өз ұсыныстарымызды айтып көреміз.

Азамат НҰҒЫМАНОВ

 

Хабарламаларға жазылу