«Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құру жолындағы еңбегі орасан. Кезінде қауіпті қарудың көзін жойған еліміз, бұл күндері ядролық отын банкін құру арқылы маңызды қызмет атқарып отыр». Бұл - АҚШ-тың бұрынғы Қорғаныс министрі Уильям Перридің пікірі. Мәскеу қаласында «Ядролық тұңғиықтың айналасындағы менің жолым» атты кітабын көпшілікке таныстырған саясаткер, журналистерге берген сұхбатында осылай деді. Билл Клинтонның кезінде АҚШ-тың қорғаныс саласын басқарған Уильям Перри өткен өмірінің естеліктері арқылы ядролық қаруды қолданудың қаншалықты қорқынышты екенін баяндайды.
Кітапта сонымен қатар, экс-министрдің ядролық қауіпті азайту жолында атқарған істері жазылған.
Уильям Перри, АҚШ-тың бұрынғы Қорғаныс министрі:
- Меніңше, Қазақстан - бүкіл ғаламды ядролық қарусыз әлемге бастап келе жатқан көшбасшы елдің бірі. 1994 жылы Қазақстан өз еркімен ядролық арсеналдан бас тартты. Сондықтан, Қазақстанның атқарып отырған рөлі өте маңызды. Сондай-ақ, Президент Н.Назарбаев - ядролық қарусыз әлем құру жолындағы ең көрнекті көшбасшының бірі.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ