Енді саусақ таңбасы бар төлқұжат беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Енді саусақ таңбасы бар төлқұжат беріледі

13.02.2018

Түрлі қылмыстарды ашуда тиімді әдіс саналатын дактилоскопиялық және геномдық тіркеу ережесі бекітілді. Қарапайым тілмен айтқанда, осы тәртіпке сай енді саусақ таңбасы бар төлқұжат беріледі. Келер жылдан бастап қажетті құрал-жабдықтар мен қондырғылар сатып алынып, дайындық жұмыстары басталады. Бұл іс-шараға бюджеттен 37 млрд.теңге бөлінбек.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

- Адамның алақаны мен саусағындағы сызық қайталанбайды. Қаншама адам болса, соншама сурет. Осы биометрикалық өлшемдер жеке тұлғаның кім екенін анықтауда қолданылады. Ол үшін қос қолды мынандай электронды сканерге қоямыз. Бұдан алынған құнды мәлімет бірыңғай дерек базасына жіберіледі.

Бүгінде бұл шара мигранттар мен қылмыскерлерге, полицейлер мен құқық бұзғандарға міндетті. Ал, 2021 жылдан бастап баршаға ортақ болады. Бұған бір жыл бұрын қабылданған дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы заң негіз. Яғни, көп ұзамай, саусақ таңбасы бар төлқұжат қалтамыздан табылады.

Рахиба Құмарова, қала тұрғыны:

- Мен қажет деп ойлаймын. Енгізіп жатқанына қарсы емеспін.

Дәуіт Момбеков, қала тұрғыны:

- Қарапайым халыққа қауіпсіз. Бизнесмендерге қауіпті болуы мүмкін. Енді оны шығарғаннан кейін қауіпсіздігін де ойлайды ғой. Кейбір адамдарға жұмыс та пайда болады.

Биометрикалық мәліметтерді тіркеу кезең-кезеңмен енгізіледі. Келер жылдан бастап деректерді сұрыптап, бірыңғай базаға жинақтау үшін құрал-жабдық, арнайы құрылғылар сатып алынады. Іс-шараға 37 млрд.теңге қаралған.

Әлішер Мұхамедов, ҚР ІІМ жедел криминалистік департаментінің бастығы:

- Саусақ таңбалары электронды түрде арнайы қоймаларда сақталады. Оған рұқсат алу шектеледі. Тек сот пен құқық қорғау органдарының өтінішімен тексеріс жүргізіледі. Басты мақсат – биометрикалық құжат жасау. Бұдан қылмыстық астар іздеудің қажеті жоқ.

Мұндай технология арқылы жоғалып, жадынан айырылған немесе апатқа ұшыраған адамдарды табу жеңілдейді. Қылмыстың шұғыл ашылуына да сеп. Саусақ таңбасы бар құжаттар АҚШ, Еуропа елдерінде 10-15 жылдан бері қолданылып келеді.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу