«Қазақ тілі бірлігіміз үшін, ал, моңғол тілі тірлігіміз үшін». Бұл Моңғолия Президенті Халтмаагин Баттұлғаның кеңесшісі, 34 жастағы Жандос Шәріпұлының пікірі. Жаңа сайланған Президенттің кеңесшісі «Моңғолия мемлекетінің экономикалық тұрғыдан дамуына зор мүмкіндік бар»,-деп отыр. Оның есебінше, бұл елдегі жан басына шаққандағы табыс 9 мың АҚШ долларына тең. «Жемқорлықты жойып, адамдардың сол қаржыға тең дәрежеде қол жеткізуне жағдай жасау - басты міндетіміз»,- дейді Жандос.
Моңғолияның демократиялық мемлекет құрғанына биыл - 28 жыл. Тіршілігі нарықтық экономикаға сүйенген. Бұл - Моңғолия Президенті Халтмаагин Баттұлғаның кеңесшісі Жандос Шәріпұлының пікірі.
Жандос Шәріпұлы, Моңғолия президентінің кеңесшісі:
- Жас болсам да саясатта 10 жыл жүріппін. Мектеп бітіргеннен бастап, қоғамдық жұмыстарға белсенді араластым. Халықтың құқығын қорғау жайында, әділетсіздікті жою, әділетті қоғам құруда өз үнімізді айттық. Белсенді жүрдік. Сол бойынша Моңғолия мемлекеті, үкіметі тағы бір жүкті арқалатып отыр деп есептеймін.
Моңғолиядағы халық саны 3 млн-нан сәл асады. Оның 6 пайызға жуығы қазақтар. «Өзге ұлт өкілдерінің білім алып, қызмет етуіне еш кедергі жоқ»,-дейді Жандос. Моңғол тілін білу міндет емес. Баян-Өлгейдегі орта мектептер 6-шы сыныпқа дейін қазақ тілінде білім береді. Одан кейінгі оқу моңғол тілінде жалғасады. Нарықтық қоғамның басты шарты бәсекеге төтеп беру. «Сол бәсекеге дайын болу үшін моңғол тілін үйренеміз»,- дейді кеңесші.
Жандос Шәріпұлы, Моңғолия президентінің кеңесшісі:
- Қазақ тілі өзіміздің бірлігіміз үшін, моңғол тілі тірлігіміз үшін. Екі тілді қос дәрежеде алып жүруіміз керек.
Президент кеңесшісі Жандос Шәріпұлы екі ел арасындағы байланыстың беки түсеріне сенімді. Ал, азаматтық тұрғыдан атамекен Қазақ елінің одан әрі өркендей беруіне тілеулес.
Жандос Шәріпұлы, Моңғолия президентінің кеңесшісі:
- Атамекен. Қазақ ел болды. Еңсесін тіктеді. Есін жинады. Осы жағдай ұзағынан сүйіндірсін.
Ғабит БӨКЕНБАЙ