Елімізде мыңдаған риэлтор заңсыз жұмыс істеп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде мыңдаған риэлтор заңсыз жұмыс істеп жүр

19.02.2018

Елімізде риэлторлық қызметпен айналысатын екі мыңнан аса компанияның тек 20-ға жуығы ғана ресми сертификатталған. Ал аттестациядан өткен риэлтор мамандардың  саны 200-ге де жетпейді. Қазақстанның біріккен риэлторлар қауымдастығы келтірген бұл дерекке сүйенсек, біздің елде мыңдаған риэлторлар заңсыз жұмыс істеп жүр. Соның салдарынан баспананы жалға немесе сатып алмақ болған қарапайым халық зардап шегуде. Адамдарды алдап-арбап, ақшасын қанаған алаяқтық оқиғалары да азаяр емес. 

Риэлтор - пәтерді сатушы немесе жалға беруші мен тұтынушылардың арасындағы делдал. Әсіресе, қаланы дұрыс білмейтін халыққа ыңғайлы қызмет. Алайда, аңқау елге арамзалығын асырып, ақша жымқыратындар да жоқ емес. Мәселен, Айзада Жақсылықова – жалғызбасты ана. Ол осыдан бірнеше ай бұрын елордада жалға пәтер іздеп табу үшін риэлторлардың көмегіне жүгінеді. Ғаламтор арқылы байланысқа шығады. Телефонмен келіседі. Ал, уәде берген  азаматша ақшаны алған соң ұшты-күйлі жоғалған.  

Айзада Жақсылықова,  қала тұрғыны:

 - Тек қана «WhatsApp»-қа жазыңыз деп жазып қойыпты. Алдын ала ақша төлеп қойыңыз, бірақ, мен ала алмаймын, оны QIWI кошелекке салып жіберіңіз деді. Мен ойланбай он мың теңгені салып жібердім. Мына жерде бір қателік кетті, тағы да он мың теңге салып жіберіңізші, ертең кілтті сізге әкеліп беремін, күтіңіз деді. Сонымен, сол күйі жоғалып кетті.

Алданғандардың қатарында Айзада ғана емес. Желідегі мына жазбада қаржысынан қағылып, бармағын тістегендердің  көп екенін байқауға болады. «Жағдайдың бұлайша шиеленісуіне заңның осалдығы себеп»,- дейді тәжірибелі риэлторлар ұйымының өкілі 

Инна Фролова, риэлторлар агенттігінің өкілі, Қазақстан риэлтор қауымдастығының мүшесі:

- Өкінішке орай, бізде риэлторлардың қызметін реттейтін заң жоқ. Тіпті, арнайы тексеріс, жұмыс есебі жүргізілмейді де.  Барлық риэлторлар белгілі бір стандарттарға бағынса, дұрыс болар еді.  Біздің қауымдастық тіркелмегендердің бәріне бірдей бақылау жүргізе алмайды. 

АҚШ, Германия, Канада елдері, тіпті көрші Ресейдің өзінде риэлторлар міндеті туралы  арнайы заң бекіген. Әрі, оларға ақшаны қожайын ғана төлейді. Ал, біздің елде бұл мамандар екі жақтан да пайыздық ақы алады. Тағы бір түйткіл. Риэлторлардың басым бөлігі кәсіби мамандар емес. Оларды оқытатын оқу орны жоқ. Осындай себептердің ықпалынан қылмыс саны азаяр емес.

Құдияр Нұрсейітов, ҚР ІІМ криминалдық полиция департаменті Мүліктік қылмыстарды ашу қызметін ұйымдастыру басқармасының аға жедел уәкілі:

- Ауырлығына байланысты жаза тағайындалады. Орташа ауырлықтағы алаяқтық екі жылға дейін бас бостандығынан айыру, ауыр қылмыстар жасағаны үшін 2-4 жылға, 5-10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

Елімізде қызметтің бұл түрі Тәуелсіздік алған  жылдары дами бастады. Содан бері жылжымайтын мүлік бағасына сай, төлем де шарықтаған. Үлесі кемінде  10-15 пайыз. Жүгінетіндердің басым бөлігі жат қалаға келген студенттер мен жас отбасылар және қызметіне байланысты қарбалас адамдар.  

Раушан Сайлауқызы, тілші:  

- Риэлторлар іздеп жүрсіз бе? Онда мына қағидаларды ескерген жөн.

1. Компанияның тіркеуден өткеніне көз жеткізу керек. Мүмкін болса, бірден басшысымен тілдескен жөн.

2. Ресми құжаттарына назар аударыңыз. Одан соң екі жақтың міндетін белгілейтін келісімшарт жасамаса, ол  ұйымнан аулақ болыңыз.

3. Сондай-ақ, компанияның аттестациядан өткеніне зер салған дұрыс. Тағы бір ескерер жайт.

4. Риэлторлармен телефон арқылы емес, бетпе-бет сөйлесу қажет. Сонда ғана оңай олжа тапқысы келетін ұйымдардан сақтануға болады. 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу