Алматыда ақылы тұрақтың пайда болғанына 5 жыл болса, Астанада мұндай қызметтің ашылғанына бір ай ғана толды. «Нұр Жол» бульварындағы ақылы аймақтарды кейбір астаналықтар білмейтін болып шықты. Ал, тұраққа көлік қоятын азаматтар бұл қызметтің қымбат екенін айтады. Әсіресе, жұмыс орындары осы маңда орналасқан мемлекеттік органдардың қызметкерлері үшін қиынға соғып отыр. Ақылы тұрақтың артықшылығы мен кемшілігін тілшіміз Ардақ Мұратқызы біліп қайтты.
Елеубай Айтмағанбетов сол жағалауда көлігін қояр жер таба алмай, амалсыз ақылы тұраққа келіп тоқтады. Әкімшілік ғимаратта шаруасы бар. Тұрақ үшін бір сағатқа 100 теңге төледі. «Баға қымбат»,- дейді қала тұрғыны. Әсіресе, бір айлыққа қарап отырған отбасылардың қалтасын қағары анық.
Елеубай Айтмағанбетов, қала тұрғыны:
- Күніне 8-10 сағат қоятын болса, ол 1000 теңге ғой. Енді айына сонда 30 мың теңге кетеді. Меніңше, 100 мың алатын мемлекеттік қызметкерге өте қымбат болатын сияқты.
Ал, ақылы тұраққа жауапты мекеме қызмет қымбат болса, қоғамдық көлікпен жүріңіз дейді. Қазақстанда 100 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер бар. Олардың дені осы министрліктер ғимаратында отырады.
Нұрлан Қуанышев, «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС директорының орынбасары:
- Негізі ақылы тұрақ мемлекеттік қызметкерлерге арналған. Олар көліктерін дұрыс қоймай, осы аумаққа шаруасымен келетін қарапайым адамдарға кедергі тудырады. Министрлік ғимараттарында орын көп. Ішкі паркингтері бар. Ғимараттың артқы жағы да бос болады. Соларды пайдалану керек. Не автобусқа отырсын, 90 теңге. Ал, ақылы тұрақтың бағасы орынды деп ойлаймын. Бұл қала саясаты.
Ақылы тұраққа көлігін қойып, төлемей кетіп жатқандар да бар. Мұны арнайы бақылаушылар анықтайды. Бүкіл мәлімет ішкі істер органдарының бірыңғай дерек базасына жіберіледі. Әзірге бір айда қанша ереже бұзушылық болғаны жайлы ақпар сарапталып жатыр.
Руслан Әбдуәлиев, Астана қаласы Көлік басқармасының бөлім басшысы:
- Ақылы орындарда тұрып, паркоматқа ақшасын төлемей кетсе, ол үшін фотофиксация жүріп жатыр. Оның барлығы ішкі істер органдарына беріліп, ары қарай айыппұл салынуына қарай жұмыстар жүргізіледі.
Тұрақ үшін төлемегендер бұл жердің ақылы екенін білмейміз деп сылтауратады екен. Астаналықтардың дені тіпті «ақылы тұрақ» деген белгіні тап басып танымайтын болып шықты. Көп санды жылдамдық белгісі деп ұғады. «Түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмеді» деген уәждерін де айтқан.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
- Қазір біз ақылы тұраққа келіп тоқтадық. Төлем жасау үшін паркоматқа баруымыз керек. Мінекей, тетікті басып, тілді таңдаймыз. Содан соң тұрақ аймағының нөмірін енгіземіз. Көлік нөмірін тереміз. Төлем түрін таңдаймыз. Тиынмен не банк картасымен. Мысалы, тиынмен төлесек, біз 10 минут тұрамыз, 10 теңге. Мінекей, билет шықты. Бірақ бір кемшін тұсы - паркоматтар қалдық ақшаны қайтармайды. Сол үшін қызметті SMS арқылы немесе мобильді қосымша арқылы төлеген ыңғайлы.
Көктемге қарай мұндай қызмет оң жағалауда да ашылып, ақылы тұрақ орны 10 мыңға дейін көбейеді деп жоспарланып отыр. Ал, көлігі барлар «Аттап бассаң, ақша» дегеннің кері келді дейді. Әкімдіктегілер болса, «мақсат – қаладағы көлік жүктемесін азайту, кептелісті реттеу, бюджеттің бүйірін толтырып, инвестордың салған ақшасын қайтару» екенін алға тартады.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ