Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов оралдық өрендермен жүздесті. Кездесу барысында даңқты спортшы өмір тәжірибесімен бөлісіп, баскетболдан Кеңес Одағы ерлер құрамасының жеңісі баяндалатын «Движение вверх» фильмі туралы әңгімеледі.
«Кинотуынды тек баскетбол ойыны туралы ғана емес. Онда, достық пен жеңіске деген жігер суреттеледі», - дейді спорт саңлағы. Жеңілмейтіндей көрінген АҚШ құрамасын тізе бүктірген спортшылардың ерлігі бүгінде аңызға айналды. Жайық жеріне келген 7-ші нөмірлі ойыншының бұл жанкүйерлерімен бірге фильмді 7 мәрте тамашалауы. Әйгілі спортшы кейінгі ізбасарларына шеберлік сағатын өткізуді де ұмытпады. Атақты баскетболшы ақтық сында жеңіс әкелген соңғы үш секундтты әлі де тебірене еске алады.
Әлжан Жармұхамедов, Мюнхен Олимпиадасының чемпионы:
- Бұл - тарихи сәт болды. Жаттықтырушы мені Иван Едешкомен алмастырды. Ол барлық алаң үстімен өткізе отырып, Саша Беловқа пас берді. Ал, Саша болса, допты қақпаға салып үлгерді, сол-ақ екен, бірден финалдық дабыл қағылды. Бұл тарихтағы тұңғыш жеңіс болатын. Мен бұл матчта командаға 4 ұпай әкелдім.
Назерке ТОҚЖАН