Мәулен Әшімбаев: Қажетсіз шараларды доғару қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәулен Әшімбаев: Қажетсіз шараларды доғару қажет

22.02.2018

Мәулен Әшімбаев «Нұр Отан» қажетсіз шараларды доғару қажет, жұмыста сан емес, сапа болсын», - деді. Ол бүгін партияның елордалық активімен кездесті. Алдағы бағыт-бағдар мен атқарылар жұмыстарға тоқталды. «Нұротандықтарды» үнемі жетіліп, білім іздеп, сөзден іске көшуге шақырды. Сондай-ақ, «Нұр Отан» азаматтарды алаңдатқан көкейкесті мәселелерге бірінші назар аудару қажеттігін айтты. Өйткені,ол бірінші кезекте халықтың партиясы.

««Нұр Отан» партиясын жаңғырту қажет. Әлемнің бүгінгі даму қарқыны партия алдына үлкен мақсаттар жүктейді. Сондықтан, саяси ұйым оған сай болуы қажет».  (Н. Назарбаев)

«Нұр Отан» ел игілігі үшін жұмыс істеуі тиіс. Партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партиялық жаңғырудың басым бағыттарын атап өтті. ««Нұр Отан» – министрлік емес, ал, «нұротандықтар» – шенеуніктер емес. Жаңа бағытта жұмыс істеп, нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін қалыптасқан әдіс-тәсілдер мен форматты өзгерту қажет», - деді. Саны бар, сапасы жоқ іс-шараларды тыйып, көзбояушылықтан арылу, сөзден іске көшу керектігі айтылды. Жастардың бойындағы құндылықтарды қалыптастырып, сананың ашықтығын қамтамасыз ету өзекті.

Шыңғысхан Қожахметов, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық «Бірлік» филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

- Жастар саясатына қатты көңіл бөлетін болды. Наурыз айының соңында «Жас Отан» жастар қанатының съезі өтеді.

Электронды партия жұмысы жанданып, ақпараттық-технология саласы жетілдіріледі. «Сандық Қазақстан» бағдарламасының да берері мол. Сондықтан, оған бейжай қарауға болмайды. Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Нұр Отан» бұл жұмыстарда белсенділік танытуы қажет деп айтты. Сондықтан да Президент тапсырмасын орындау үшін жұмыстар басталып кетті. «Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингінің өкілдерімен де арнайы жиын өтті.

Индира Бегайдар, тілші:

- Бюрократия мен қағазбастылықтан арылтып, жаңа жұмыс жүйесін түзу керегін айтты. Партия азаматтарға жақын болуы тиіс. Сондықтан да әлеуметтік желідегі жұмыстар да реттеледі. Яғни, барлығы ашық болады. Партия қоғамдық қабылдау бөлмелеріне келетін азаматтардың тек 24 пайызының мәселесін шешуге қауқарлы болып отыр. Бұл көрсеткішті 35 пайызға жеткізуіміз көзделіп отыр. Өйткені, ең бастысы халық, сенім, нәтиже.

Алдағы уақытта мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда үлкен шаралар жүзеге асады. Барлық әлеуметтік жобалар қайта қаралады. Өйткені, қазіргі жеті жобаның нәтижесі көңіл көншітпейді.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары:

 - Әрбір жоба халық үшін жұмыс істеуі керек. Біз ардагерлерге арналған бағдарламаны қайта қарап жатырмыз. Сонымен қатар, кіші және орта бизнесті қолдауға арналған жаңа жобаны қалыптастырудамыз. Бұл - үлкен стратегиялық мәселе.

«Нұротандықтар» Елбасының сенімді тірегі. Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық бастамаларына барынша қолдау көрсету - басты миссия. Бүгінде партиялық жаңғырудың нақты жоспары дайын. Бұл реформаның басты мақсаты – Қазақстанның экономикалық, саяси және рухани жаңғыруына жан-жақты қолдау көрсетудің тиімді тетігін қалыптастыру.

«Нұротандықтар» елімізде болған кез келген өткір де өзекті мәселелерге бірден назар аударып, олардың оңтайлы шешілуіне бар күш-жігерін жұмсайды, халық үшін ашық, қолжетімді болмақ. Ал, партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың активтермен кездесуі енді өңірлерде жалғасады.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу