Отандық өнімге сұранысты арттырып, өндірісті ұлғайту керек. Бұл туралы Шығыс Қазақстанның бірқатар кәсіпорнын аралаған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты. Мекеме басшысы зауыттардың жұмыс барысымен танысып, еңбеккерлермен кездесті. Елбасы Жолдауының басты бағыттарын түсіндірді. Бұл жолғы стратегиялық құжаттың ерекшелігі, өнеркәсіпке басымдық беріледі. Министрдің айтуынша, жергілікті бағыттағы жолдар да назардан тыс қалмайды. Ол үшін 5 жыл бойы мемлекет бюджетінен әр облысқа 150 млрд теңгеден бөлініп тұрады. Жеңіс Қасымбек өз сөзінде әуежайларды жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарына да тоқталды.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
- Жұмыстар 2019-2020 жылдың ішінде аяқталады деп сенеміз. Семей мен Өскеменде жаңа аэропорт жұмыс істейтін болады. Аэропортқа салынған инвестиция тарифке әсер етпейді. Ол бюджеттен берілетін қаражат, кредит емес. Бюджет арқылы салынады. Сондықтан, оның билетке әсері болмайды.
Айдана ДАЙЫРОВА