2018 жылға дейін бүйрегін ауыстырған науқастар Швейцарияда шығарылатын «Селлсепт» препаратын пайдалана береді. Ал, үндінің «дженеригін» тек биыл операция жасатқандар пайдаланады. Денсаулық сақтау министрлігі осындай шешім шығарды. Ал, дәрісі таусылғандарға уақытша, яғни наурыз айының аяғына дейін қазір қолда бар үндінің «дженеригін» қолдануға тура келеді. Бірақ, трансплантация жасатқандар мұнымен келіспей отыр. Олар бейтаныс препаратты ішуге қарсы.
Еліміздегі бүйрегін ауыстырған мың жарымнан астам адамның 85-і - Оңтүстік Қазақстанда. Донорлық бүйрекпен жүргендер мемлекет тарапынан тегін берілетін «Селлсепт» дәрісін пайдаланады. Бірақ, ақпан айы басталғалы ол препарат жоқ.
Қызылордада 66 адамға трансплантация жасалған. Оларға да препарат ауадай қажет, онсыз бір күн де өмір сүре алмайды.
Самат Әлиев, науқас:
- Біздің ішетін дәрілеріміз шектеулі күнге қалып тұр. Қазір шыны керек минималды дозада ішіп жатырмыз. «СК Фармацияның» ұсынып жатқан препараттары олар тәжірибеден өтпеген, оның әрі қарай организмге қалай әсер ететіні белгісіз, сол себепті одан біз қауіптенеміз.
Басқа препаратты қабылдауға Самат қана емес, еліміздегі барлық бүйрек жетіспеушілігі ауруына шалдығып, ауыр операциядан өткендердің көпшілігі қарсы. Бірақ, жағдай ушығып бара жатқан соң министрлік мәселені қайта қарады.
Лиза Нұрсұлтанова, Қызылорда облысының штаттан тыс бас нефрологы:
- Науқастардың алаңдауына негіз бар. Себебі, олардың өмірі үшін бұл өте маңызды препарат. Бірақ, осы уақытқа дейін орган ауыстырған науқастар түпнұсқа дәріні ішуді жалғастырады. Ал, 2018 жылы операция жасатқандар ғана енді үндінің «дженерик» дәрісін тұтына бастайды. Бұл туралы шешім шықты.
Осы уақытқа дейін дәріні сатып алу қаражаты жергілікті бюджет есебінен төленетін, ал биыл талап өзгеріп, мұнымен тек еліміз бойынша бір мекеме - «СК Фармация» айналысатын болып бекітілді. Мамандардың айтуынша, сатып алынған жаңа препаратты да пайдалана беруге болады. Сараптамадан өткен, тіркелген. Атауы басқа болғанымен, екеуінің белсенді құрамы бірдей.
Демек, тұрақты дәрі ішуге мәжбүр трансплантация жасатқан науқастардың өмірлік маңызды мәселесі - министрліктің назарында. Мәселе көп ұзамай түбегейлі шешіледі.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ