14 жастағы жасөспірімді соққыға жықты деп айыпталып жатқан Қорғалжын ауылдық округінің әкімі Жанат Омаров қызметінен босатылды. Бұл туралы Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі Марат Игали әлеуметтік желіде хабарлады. Кеше Көкшетау қаласында ауыл әкіміне қатысты Әдеп жөніндегі кеңесінің кезектен тыс отырысы өткен. Іс материалдарымен танысқан тәртіптік кеңестің мүшелері Жанат Омаровты қызметінен босату туралы бірауыздан шешім шығарды. Бұдан бөлек, басы дауға қалған мемлекеттік қызметшіге байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүруде. Еске сала кетейік, өткен аптада баласымен төбелесіп қалған 8-ші сынып оқушысы Диас Мұқановты жазаламақ болған Омаров жеткіншекке күш көрсетіп, денсаулығына зақым келтірген. Қазіргі таңда жасөспірім Астана қаласындағы № 2 ауруханада емделіп жатыр.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ