Алматыда гемофилиямен ауыратындар дәрісіз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда гемофилиямен ауыратындар дәрісіз қалды

01.03.2018

Алматыда гемофилиямен ауыратын балалар мен ересектер дәрі таппай қиналдық, деп дабыл қақты. Науқастардың сөзінше, емдеуге арналған препараттарды сатып алу мақсатында тендер былтыр уақытынан кеш өткізілген. Ал, биыл жарияланған тендердің нәтижесі көңіл көншітпейді. Себебі, тендерді жеңіп алған жалғыз өндіруші тек «Иммунат» деп аталатын дәріні ұсынған. Алайда, емделушілер оның құрамында альбумин болғандықтан, дертке дерт қосып алуымыз мүмкін, деп қауіптенеді.

30 жастағы Ақжан күні-түні ұлы Санжардың қасынан шықпайды. Себебі, бала алты айлық кезінен гемофилия дертімен ауырады. Қатерлі дертті дәрі-дәрмектің күшімен емдеп жүр. Енді препарат жоқ дегенді естіген соң ол не істерін білмей дал.  

Қазақстанда гемофилияның салдарынан төсек тартқан 395 жеткіншек пен 741 ересек бар. Дәрі-дәрмектің жетіспеушілігінен олардың жағдайы күннен-күнге ушығып барады. Әсіресе, осы дерттің асқынған түрімен ауыратын балалардың ата-аналары жанымызды қоярға жер таппай жүрміз, деп қиналды.

Алена Прокефова, Алматы облысының тұрғыны:

- Дәрісіз қалудан қатты қорқамын. Өйткені, балам қатарынан қалмай өмір сүруі керек. Біздің қоғамның мүшесі болуы тиіс. Оқуы керек. Мектептен қалмауы маңызды. Егер дәрі болмаған жағдайда ұлым мүгедек болып қалады. Не істерімізді білмей отырмыз.

Асқынған кеселге шалдыққан 40 бала дәрі болмаған жағдайда жарты жылдың ішінде жарық дүниемен қоштасуы мүмкін. Себебі, жаман айтпай, жақсы жоқ. «Дәрі тапшы»-, дейді қоғамдық ұйым өкілдері.  

Тамара Рыбалова, «Қазақстандық гемофилиямен ауыратын мүгедектер қауымдастығы» ҚБ президенті:

- Біз гемофилияның алдын алатын дәрі-дәрмекті 2017 жылы ғана алдық. Ал осы жылға тиісінше тендер жазда өткізілуі керек еді. Өте кеш өткізіліп, қазір науқастар дәрі тапшылығынан жапа шегуге мәжбүр. Жағдай өте күрделі. Дәрі жоқ. 2017 жылғы тендер бойынша алған дәрілер тек осы жылдың 1 наурызына дейін ғана жететінін бірден ескерткенмін.

Айта кетерлігі, биыл өткен тендерге сай, дәрі-дәрмектердің бөлінетін қаражат та қысқарыпты. Онсыз да дәрі таппай қиналған науқастар үшін бұл жағдай да ауыр тиіп отыр.

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ                          

Хабарламаларға жазылу