Титов мөлтек ауданының тұрғындары 6 ай мерзімге уақытша тұрғын үймен қамтамасыз етіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Титов мөлтек ауданының тұрғындары 6 ай мерзімге уақытша тұрғын үймен қамтамасыз етіледі

01.03.2018

Қызылорда қаласы Титов мөлтек ауданындағы бес қабатты үйдің бір бөлігі опырылып құлады.  Оқиға түнгі 22:30-дар шамасында болған. Адам аман. Зардап шеккендер жоқ. Қазір  арнайы құрылған комиссия апаттың себебін анықтап жатыр.

Үй 1971 жылы салынған. 103 пәтер бар. Бірақ, бұл ескі жатақхана ғимараты болғандықтан, жекешелендірілмеген. Баратын жері жоқ 46 отбасы ғана уақытша паналаған.   

Үйдің құлаған бөлігіндегі пәтерлерде абырой болғанда, ешкім тұрмаған. Ал басқа тұрғындар «сыртқа әрең шығып үлгердік»,- дейді. 

Үйдің тұрғындары дереу қауіпсіз жерге көшірілді. №2 «Мұрагер» мектебіндегі дайын тұрған эвакуациялық орталыққа жайғастырылды. Қажетті тұрмыстық заттармен, дәрі-дәрмек, азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Медициналық, психологиялық көмек көрсетілді. Ал, ғимараттың неден опырылып түскенін арнайы комиссия анықтамақ. Бір қызығы, бұған дейін жасалған сараптама кезінде үй  апатты деп танылмаған. 

Арнайы комиссия тұрғындарды баспанамен қамту мәселесін қарастыруда. Барлығы заң шеңберінде шешіледі. «Ең бастысы ешкім далада қалмайды»,- деп сендірді жергілікті билік.  Құтқарушылар әлі де үйіндіні қазып жатыр. Оқиғаның себебін мамандар анықтайды.  Ал, жатақхана ғимараты  толықтай бұзылады.  Шешім  қабылданды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, тұрғындар 6 ай мерзімге уақытша тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Оған қажетті қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу