Астана көшелерін жарықтандыруға жауап беретін кәсіпорын жұмысшылары екі айдан бері жалақыларын ала алмай жүр. Амалы таусылған электр монтаждаушылар арнамызға хабарласып, көмек сұрады. Жүздеген адам қазір нәпақасыз, жұмыссыз отыр. Тілшіміз Альбина Әшім 50-ден астам жұмысшымен кездесіп, мәселенің мән-жайын анықтап көрді.
Астананың әр шамына жауап беріп, қаланың электр қуатымен кедергісіз қамтылуын қадағалайтын компания мамандары бірнеше күн бойы жұмыссыз отыр. Өйткені, басшылық тапсырыс жоқ екенін алға тартады. Бұл аздай, жұмысшылар жыл басынан бері жалақыларын ала алмай жүр.
Ердос Нұрымбетов, «Астана қалалық жарық» ЖШС электр монтажері:
- Қалтамызда не бар, соның бәрін сатып, күн көріп жүрміз. Бәрін ломбардқа өткіздік.
Серіктестікте 215 адам еңбек етеді. Солардың 50-ден астамы өнідірістік қорға жиналды. Жұмыс тоқтап тұр. Техника да қозғалыссыз. Ақшаларын ала алмай жүрген жұмысшылар кәсіпорынның келешегіне де күмәнмен қарайды. Өйткені, басшылық жалақы қысқаратынын жеткізген. «Олай болса, айлығымыз шайлығымызға да жетпейді», - дейді олар.
Жүздеген жұмысшының шашбауын көтеріп, серіктестік директорына жүгіндік. Ғалымбек Төреханов бейнекамераға сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Жауабын диктофонға жазып алдық.
Ғалымбек Төреханов, «Астана қалалық жарық» ЖШС директоры:
- Жылда қала әкімдігі ақпанның соңына қарай конкурс жариялайды. Сол конкурсқа қатысамыз. Конкурста жеңсек, бізбен шарт болады. 1 жыл жұмыс істейміз. Конкурсты жеңу үшін, қатысу үшін мойнымызда ешқандай қарыз болмауы керек, қарызы бар компаниялар реестріне кірмеуіміз керек. Бүгінгі таңда біздің қарыздарымыз бар. Қаңтардың екісінен бастап шот ашылған жоқ.
Ғалымбек Тауманұлы бұл кәсіпорынды басқаруға келгеніне 8 ай ғана болғанын алға тартады. Ал, серіктестік 2011 жылдан бері берешекке белшеден батып келеді екен. Қазірдің өзінде 1,5 миллиард теңгеден асып кеткен. Міне, қалалық Әділет департаментінің қаулысы бойынша компания қаржысы бұғатталған. Банктердің де қағаз жүзіндегі жауабы бар. Серіктестік директоры есепшот ашылысымен, жұмысшылардың ақшасын қайтаруға уәде етті.
Жергілікті биліктің айтуынша, бұл серіктестікті жекешелендіру мәселесі қарастырылып жатыр. Кәсіпорынның келешегі оны қаржыландыратын инвестордың табылуына байланысты. «Ал, мәселе оң шешімін таппай, компания банкрот болса да, елорда жарықсыз қалмайды», - дейді әкімдік. Бұл жұмыс тендер ұтып алған басқа компанияға бұйырмақ. Ал, кешкі Астананың шамдарын жарқыратып жандыратын жандардың жағдайы не болатыны әзірге белгісіз.
Альбина ӘШІМ