Атырау облысында биыл 1325 азамат кәсіп ашуға ниетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында биыл 1325 азамат кәсіп ашуға ниетті

06.03.2018

Атырау облысында биыл 1325  адам өз кәсібін ашуды жоспарлап отыр. Олар «Бизнес бастау» жобасы бойынша кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруге ниетті. Жергілікті билік олардың 200-ден астамына қаржылай қолдау көрсетпек. «Кәсіпкерлерге несие беруді ұлғайту керек деген Президент бастамасынан кейін өз ісін ашуға бел буғандардың қатары арта түседі», - дейді мамандар.

Мұрат Сарманов бірнеше жылдан бері мал шаруашылығымен айнасылып келеді. Кәсіпкер «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» өз ісін ашпақ болғандарға зор мүмкіндік», - дейді. Өйткені, шағын несие беруді ұлғайту еңбек өнімділігін арттырып, жұмыссыздықты  азайтады.

Мұрат Сарманов, кәсіпкер:

- Ауыл-аймақтағы кәсіпкерлер үшін өте қомақты қаржылық қолдау деп есептейміз. Көптеген кәсіпкерлер ынта-жігер танытып, бір көтеріліп қалған шығар деген ойдамын.

Өңірде өткен жылы «Бизнес бастау» жобасы аясында республикалық бюджеттен  Ұлттық кәсіпкерлік палатасына 750 адамды оқытуға 51 млн. теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде 131 адам несие алып, өз кәсібін ашты.  

Жаннат Сабырғалиева, Атырау облыстық Кәсіпкерлікті қолдау және сауданы дамыту бөлімінің басшысы:

- Биыл да осы бағытта жұмыстар жалғасатын болады. Яғни, «Бизнес бастау» жобасы бойынша биыл 1325 адамды оқыту жоспарланса, оның ішінде 266 адамды несиемен қамту көзделіп отыр.

Қазір аймақта 43 мың кәсіпкер бар. Олардың дені құрылыс, бөлшек сауда және көлік жөндеу саласында.  Былтыр жыл соңында 7 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.

Жандос Темірғалиев, тілші:

- Шағын несие беруді көбейту мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік береді. Əсіресе, ауыл-аймақтарда кəсіпкерлікті дамытуға ден қойылмақ. Шағын бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындары ашылады, соның арқасында өңірдің, қалаберді тұтас елдің экономикасы еселене түспек. 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

Хабарламаларға жазылу