Өткен жылы әлеуметтік желілерде 1500-дей материалға тосқауыл қойылған. Мақсат - балаларды зиянды ақпараттан қорғау.
Атап айтқанда, «ВКонтакте», «Одноклассники», «Инстаграмда» суицидты насихаттайтын 700 қоғамдастыққа тыйым салынды. Соңғы екі жылдан бері Ақпарат және коммуникация министрлігі 31 мыңнан астам материалды көруге шектеу жасапты.
Олардың дені - қатыгездік, зорлық-зомбылық, өзін-өзі өлтіру, порнография, терроризм мен экстремизм, есірткі заттарын насихаттайтын бейне-аудио өнімдер, компьютерлік ойындар. Қауіпті кеселге тек заңмен ғана тосқауыл қоюға болады дейді «Нұр Отан» партиясының кеңесінде сөз алған депутаттар.
Қазір балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заң жобасы талқыланып жатыр.
Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұл заңның бірінші оқылымы өтті. Енді екінші оқылымы жуырда болады. Еркіндік деген ұғымды әркім әртүрлі түсініп, кейбір топтар әр нәрсеге пайдаланып, біз өзіміздің ұрпағымызды зиянды ақпараттан қорғай алмай қалып, соның кесірінен қасірет шегіп, балалар әртүрлі психологиялық зардаптарға шалдығып, суицидке итермелеп, осындай жағдайларға ұрынып жатқаны жасырын емес.