Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Ордабасы құс» ЖШС - бүгінде өз өнімінің үштен бірін экспортқа шығарып отырған іргелі кәсіпорын. Қазақстан, Ресей, Беларусь арасындағы Кедендік одақтың күш ала бастауы өндірістің бұл бағыттағы әлеуетін еселеп арттырумен қатар, алыс-беріс, барыс-келісті жиілетуге кең жол ашып отыр.
Интеграцияның игілігін көріп отырған кәсіпкерлер «Тауар айналымы мейлінше ұлғаюда», - дейді.
«Ордабасы құс» фабрикасы 2010 жылы ашылған. Ол кезде мұнда өнімнің 10 түрі шығарылатын. Бүгінде диеталық еттен бастап, қайта өңделген өнімнің 55 түрін шығару жолға қойылған.
Тұтынушылардың сұранысын толықтай өтеу мақсатында өндірістің екінші кезеңі іске қосылды. Бұл экспорт көлемін арттыруға ықпал етіп отыр.
Мұрат Тағаев, ЖШС директоры:
Нақты өнімнің экспортталған көлемі өндірілген өнімнің 30 пайызын құрады. Биылғы жылы біздің есебіміз бойынша 35 пайызды құрап отыр. Өнімнің түрлері де көбейді.
Фабрика былтыр 5 мың тонна күркетауық етін өндірген. Ал, биыл 7500 тонаға жеткізуді көздеп отыр. Қазір мұнда 414 адам жұмыс істейді. Оның 90 пайызы - жергілікті жас мамандар.
Ал, Айна Таженова интеграциялық ықпалдастық пайда болғалы жұмыс көлемі де, жауапкершілік те артты,- дейді.
Айна Таженова, балапан шығару бөлімінің бас маманы:
Өндіріс көлемі өткен жылмен салыстырғанда ұлғайды.
Мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктерді дер кезінде түйсініп, тірлігін тіктеп жатқан фабрика келер жылы өнім көлемін 8 мың тоннаға жеткізіп, тауар түрлерін 100 атауға дейін өсіруді жоспарлап отыр.
«Бұл әрине, 170 миллион халқы бар Ресей нарығын басшылыққа алған соң ғана басталған тірлік», -дейді серіктестік басшылығы.
Нұрлан ӘЛІМБАЕВ