Сырдария өзенінде сең жүрді. Еріген мұздықтар Қызылорда қаласы тұсынан кедергісіз өтті. Өзен деңгейі 85 сантиметрге дейін төмендеп, секундына 210 текше метр су өтуде. Дегенмен, алда әлі 63 шақырым бар. Мамандар өзен бойында кезекшілік ұйымдастырып, жағдайды күндіз-түні бақылауда ұстап отыр.
Асау мінезді Сырдария жыл сайын көктемде әбігерге салады. Биыл бірақ, жауын-шашынның көп болуынан мұз ерте еріді. Жоғарыдан құйылып жатқан судың көлемі де көп емес. Сондықтан, баяу ағыс сеңнің кедергісіз жүруіне сеп болуда.
Жорабек Ерназаров, «Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары:
- Бүгінгі таңда 1200 текше метр су түсіп жатыр. 4,2 миллиард көлемінде Шардара су қоймасы толып тұр. Әлі де жинақтайды деп отырмыз. Оның 400 текше метрін Көксарай су реттегіші алып жатыр, Арыс өзенінің суын қосқанда 160 текше метр су осы Қызылорда облысына кіріп жатыр.
Мамандардың есебімен, өзен бойында су басу қаупі жоғары 56 учаске бар. Дария деңгейінен төмен орналасқан Тереңөзек кентінің тұсы ең осал деп танылды. Сондай-ақ, сол жағалауды да су шаяды деген қауіп болды. Соның бәрін ескере келе өңірде арнайы жол картасы әзірленді. Қаражат бөлініп, бөгеттерді нығайту, гидронысандарды жөндеу жұмыстары дер кезінде қолға алынды.
Серік Сермағамбетов, облыстық Жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы:
- Сол жағалауды қорғау мақсатында былтыр 293 миллион теңгесі Үкіметтің резервінен берілген болса, биыл соған қосымша 2 миллиард 656 миллион теңге қаржы бөлініп, оның жұмыстары қазір жалғасып жатыр. Су басуға жол берген жоқпыз деп айтуға болады.
Дегенмен, арқаны кеңге салуға болмайды. 500-ге жуық техника, 200-ге жуық мекеме ұжымы өзен бойын бақылауда ұстап отыр. Эвакуациялық жинақтау, қабылдау пункттері дайын.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ