Венгриялық жастардың қазақтың ұлттық құндылығына деген қызығушылығы жоғары. Әсіресе, домбыра мен қобызды жете меңгеріп алғандардың қатары көп. Қазақстандық жас дипломаттармен кездескен Өтвөш Лорант атындағы филология университетінің ұстазы Оңайша Мандоки студенттерінің Қазақ еліне деген сүйіспеншілігін ерекше ықыласпен жеткізді. Отандасымыз атақты түркітанушы, венгр ғалымы, марқұм Қоңыр Мандокидің жары. Ұлты мажар болса да, жүрегі қазақ деп соққан азамат түркі халықтарының басын біріктіруді, қазақ-қыпшақ тарихын терең зерттеуді армандаған екен. Осы тақырыпта біраз еңбектері жарық көрді. Бүгінде жолдасының ізін жалғастырып жүрген жұбайы Венгриядағы жастарға қазақтың ұлттық құндылығын дәріптеуде. Нәтиже де жоқ емес. Алғашында киіз үйді білмеген Мажарстанда қазір киелі шаңырақтың саны 500-ге жеткен.
Оңайша Мандоки, Өтвөш Лорант атындағы филология университетінің ұстазы /Венгрия/:
- Біздің қазақтың арасында өз-өзімізді менсінбейміз. Қазақша сөйлесе оны менсінбейміз. Орысша сөйлемесе оны адам деп есептемейміз. Ал, ол жақтағы еуропалықтар қазақша сөйлеуге тырысады.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ