Бүгінде жалақысы төмен жұмысты істеуге ниеттілердің қатары азайып барады. Елбасы бастамасы бойынша табыс салығы азайғаннан кейін бұл проблема шешімін табуы тиіс. Бұған дейін табыс көлеміне қарамастан барлық азамат 10 пайыз салық төлеп келсе, келер жылдан бастап жалақысы 60 мың теңгеден аспайтындар салықтың 1 пайызын ғана өтейді.
Бүгін Еркебай Қазиевтің жұмысы қауырт. Таң сәріден қолына күрегін алып, қар жамылған көшелерді тазартып әлек. Осы жұмысты 17 жылдан бері істеп келеді. Қаланың тазалығына ерекше мән береді. Жұмысы өзіне ұнайды. Алайда, алған айлығы шайлығына жетпейтінін де жасырмайды. Сондықтан, Елбасы бастамасынан зор қолдау күтеді.
Еркебай Қазиев, бригадир көмекшісі:
- Күніне 10-15 машина қар шығарамыз. Халыққа салықты жеңілдетеміз деп жатыр, 1 пайызға. Ол біз үшін көп пайда.
Мамандардың дерегінше, Батыс Қазақстан облысында 73 мыңдай азамат төмен жалақы алады. Оның 67 мыңнан астамы – жалдамалы қызметкерлер. Бүгінде олардың барлығы 10 пайыз табыс салығын төлеуге мәжбүр. Ал, келер жылдан бастап бұл талап өзгереді.
Жанғабыл Сағынов, БҚО Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы:
- 25 айлық көрсеткіш 60 125 теңгені құрайды. Яғни, одан аз алатын жұмысшылардың жеке табыс салығы келесі жылдан бастап 1 пайыз көлемде ұсталады. Егер айына 60 мың табыс табатын жұмысшы 2572 теңге жеке табыс салығын төлейтін болса, енді 257 теңге төлейтін болады.
«Бұл жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ жалақыны көбейтуге мүмкіндік береді», - дейді мамандар. Ал, Еркебай Қазиев болса, енді сол үнемделген қаржысын немересінің қажетіне жұмсамақ ойда.
Назерке ТОҒЖАН