Атырауда Ұлыстың ұлы күніне орай 60 киіз үй тігілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда Ұлыстың ұлы күніне орай 60 киіз үй тігілмек

21.03.2018

Ақшаңқан киіз үйлердің бірқатары Сұлтан Бейбарыс алаңында салтанат құрды. Жергілікті кәсіпорындар мен мекемелер ұлттық дәстүрді насихаттау мақсатында жастармен бірігіп уық байлады. Жайық жағасын жағалай қонған киіз үйлерді атыраулық әріптесіміз Жандос Темірғалиев көріп келді.

Игі бастаманы көрмекке келген жастың бірі -  Қуаныш Қабдолла. Ол киіз үй жабдықтарымен танысып, құруға көмектесті. «Бабадан жалғасқан дәстүрді жалғастыру – борышым» деп біледі жалынды жас.

Қуаныш Қабдолла, студент:

- Заманауи заманда өмір сүріп жатқан жастар болсақ та, өзіміздің ежелгі ата-бабамыздың салт-дәстүрін ұмытпауымыз тиіс. Осыны үйрену үшін біз әдейі университеттен келдік.

Жандос Темірғалиев, тілші:  

- Шаңыраққа қадалған уықты керегеге жіппен байлап, мықтап бекітеміз. Біз құрып жатқан киіз үйде 90 уық болады. Ал, бұдан өзге есіктің үстіңгі жағында 5-6 уық байланады. Ол маңдай уық деп аталады.

Киіз үйдің ағашын құру асқан ұқыптылық пен шыдамдылықты қажет етеді.  Ал, Әз-Наурыз мерекесінде осы киіз үй құрушылардың еңбегі ескеріліп марапаттар табысталады.

Ақылбек Рысқалиев, Атырау қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

- Осы киіз үй құрудың өзін біздер насихаттауға баса назар аударып отырмыз. Өйткені, ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан киіз үй қандай құрылымдардан тұрады, жастарға тәрбиелік мәні қандай осыған баса назар аударып отырған жайымыз бар.

Сұлтан Бейбарыс алаңында  бас-аяғы 23 киіз үй бой түзейді. Сөзсіз, бұл шараның өскелең ұрпаққа берері мол. Өйткені, өткеннің жарқын көрінісі саналатын киіз үйдің қазақ халқы үшін маңызы зор.

Жандос Темірғалиев, тілші:  

- Біз бұл киіз үйді 2 сағаттың ішінде құрып шықтық. Биіктігі - 5 метр. Дайын болған 8 қанат киіз үйде Ұлыстың ұлы күні қонақтарға арналып дастархан жайылады.

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

Хабарламаларға жазылу