Мәскеу жұртшылығы биыл 13-ші жыл қатарынан Әз-Наурызды жалпықалалық деңгейде тойлағалы отыр. Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шаралардың ауқымы да жылдан-жылға кеңейіп, Наурыз барша ұлттың сүйікті мейрамына айналды. Бұл туралы Мәскеуде өткен брифинг барысында қалалық ұлттар саясаты және аймақаралық байланыстар департаменті жетекшісінің орынбасары Иван Петров хабарлады. Оның айтуынша, соңғы кездері Наурызды тойлаудың форматы да өзгеріп келеді. Бұрын шағын ғимаратта өтетін Мәскеудегі Наурызға жұрт тек шақыру билетімен кіріп, диаспоралар ғана атап өтетін. Ал, соңғы 3 жылдан бері қаладағы ең үлкен көрме орталығындағы Ұлыстың ұлы күніне қатысу барша халыққа тегін. Биыл Наурыз мерекесі кезінде түрлі ұлттың өкілдері өздерінің салт-дәстүрі мен мәдениетін және ұлттық тағамдарын көпке таныстырады. Сонымен қатар, спорттық сайыс, палау фестивалі мен ресейлік және шетелдік әншілердің үлкен гала-концерті өтеді.
Иван Петров, Мәскеу қаласындағы Ұлттық саясат және аймақаралық байланыстар департаменті жетекшісінің орынбасары:
- Наурыз мерекесіне қатысатын адамдардың саны жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, алдыңғы жылы мерекені алғаш рет үлкен ғимаратта өткізгенде 25 мың адам келсе, былтыр бұл сан 37 мыңға жетті. Енді биыл кемінде 45 мың адам Наурызға арналған мерекені келіп көреді деп ойлаймыз. Бастысы, қазір Наурызды тойлайтын диаспора өкілдері ғана емес, орыс, украин, беларусь сынды Мәскеуде тұратын барлық ұлт бірлесіп өткізеді.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ