Наурыз көже қайнаған үйге ырыс кіреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Наурыз көже қайнаған үйге ырыс кіреді

22.03.2018

Аразды татуластырып, елді бірлікке шақырып, қара қазанды қайнатып, сары самаурынды жайнататын мереке - әз-Наурыз. Ырым бойынша қара қазанында Наурыз көже қайнаған үйге ырыс кіреді. Мәжіліс депутаты Тұрғын Сыздықовтың отбасында Наурыз көже жылда пісіріліп, қонақтарға ұсынылады. Сүр ет, қазы-қарта, құрт, айран, бір сөзбен айтқанда, ауылдың дәмі бар ұлттық тағамнан тілшіміз Индира Бегайдар да дәм татып келді.

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз меркесін дәстүрлі Наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Бұл күні әрбір үйде қазан оттан түспей, уыз қатырылып, сорпа сапырылады, Наурыз көже дайындалады. Біз бүгін Мәжіліс депутаты Тұрғын Сыздықовпен бірге осы ұлттық тағамымызды дайындаймыз. Алдымен көжеге қосатын жеті дәмді сатып алуымыз керек.

Біз қазір елордадағы сауда орындарының біріне келдік. Мұнда бүгін мерекелік көңіл-күй сезіліп тұр. Бұл кезең нағыз жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы.

Наурыз - тоқшылықтың мерекесі, сондықтан, бұл күні елордадағы барлық сауда орындарынан тегін бауырсақ жеп, Наурыз көжеден дәм тата аласыз.

Біз Наурыз көжеге қажетті жеті дәмді сатып алдық, алдымен үйге жетіп алайық.

Тұрғын Сыздықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мынау қыстан қалған етіміз. Әдейі сақтап қалдық. Ежелден келе жатқан тойымыз ғой. Міне, құртымыз бар, қайнатамыз. Аңыз да бар екен, қыстан шыққанда бай, кедей, барлығы жиналып, осы көжені ішеді екен.

Сыздықовтар отбасы бұл мерекені ерекше көңіл-күймен күтеді. «Самарқанның көк тасын ерітіп», жыл құстарының әнін шалқытып,ақ тілекті көл-көсір төгілтіп келетін ырыс пен берекенің бастауы бұл күні жан-жақтан туысқандар келеді. Қазір де міне, қонаққа дайындалып жатыр.

Гүлнар Сыздықова, Астана қаласының тұрғыны:

- Жылдың басы барлығымызға жақсылық әкелсін. Ең бірінші, денсаулық берсін. Әр жанұяға ақ мол болсын дейміз. Қазақстандықтарға Жаңа жыл жақсы табыс, қуаныш әкеле берсін.

Наурыз көже келер жылғы молшылықтың жоралғысы ретінде әр үйде дайындалады. «Ырысың ортаймасын», деп оны толтырып құйып береді. Міне, біздің де Наурыз көжеміз дайын болған екен. Мерекелердің төресі және ең көнесі – Наурыз құтты болсын!

 

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу