Париждегі қазақ мейрамханасы 3-рет Мишлен гидіне енді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Париждегі қазақ мейрамханасы 3-рет Мишлен гидіне енді

27.03.2018

118 жылдық тарихы бар қызыл кітапшаға жыл сайын әлемнің ең үздік мейрамханалары іріктеліп, енгізіліп отырады. Мұндай жетістікке бұрын-соңды Орталық Азияның бірде-бір тамақтану орны жетпеген. Жерлесіміз Гаухар Асион дәмі тіл үйіретін тағамдарымен, кірпияз Мишлен инспекторларын тәнті етті.

Алматылық Гаухар мен жолдасы Лоранның Париж төрінде қазақ мейрамханасын ашқанына биыл - 9 жыл. Қазақ елін, ұлттық тағамдарын насихаттауды басты мақсат еткен Гаухар 2016 жылдың қысында тосынсыйға ие болады. Жерлесіміздің мейрамханасы тұңғыш рет Мишлен гидіне кіреді. Анықтамалық кітапшаға негізінен тағамы дәмді, безендірілуі сәнді, қызметі сапалы деген жаһанның ең үздік мейрамханалары жайлы ақпарат жазылады. «Chez Mademoiselle» биыл үшінші жыл сол Мишлен мықтыларының қатарында.

Гаухар Асион, Париждегі қазақ мейрамханасының иесі:

- Бір күні түскі асқа бірнеше адам келді, арасында Мишленнің инспекторы да болыпты. Оны кейін білдік. Бірінші, екінші тағамға, десертке тапсырыс беріп, барлығы тарасты. Ертеңіне өзін Мишленнің инспекторымын деп таныстырған кісі кеше тағамдарды сынақтан өткізгенін, өте ұнағанын айтып, біздің мейрамхананың Мишлен гидіне кіргенін жеткізді. Тағамды бағалайтын сарапшылар жасырын келеді. Олардың кім екенін, қашан келетінін білмейсің.

Торсық, қалқан, киіз үйдің түр-түрі. Елдіктің ерен белгісі - елтаңба. Париждегі қазақ мейрамханасының табалдырығын аттағаннан-ақ елде жүргендей әсер аласың. Қазақтың хас сұлулары бейнеленген қабырғадағы мына картиналарды еліміздің Франциядағы елшісі Жан Ғалиев сыйға тартыпты.

Жанға жайлы мекеннен адам арылмайды. Талғампаз еуропалықтардың көңілінен шығу үшін Гаухар бір тынбайды. Шетелдіктерге қазақтың еті, қазысы мен бауырсағынан бөлек, Орталық Азия елдерінің тағамдарын да дайындайды.

Грегорий Кристофоров, Париж қаласының тұрғыны:

- Бұл мейрамхана маған қатты ұнады. Ішкі безендірілуі өте әдемі. Қожайыны тамаша адам, әрі тамақты өте дәмді пісіреді. Қазақтың ұлттық тағамдарының дәмін татып, енді алдағы уақытта Қазақстанға сапарласам деймін.

Францияда бүгінде 78 мыңдай мейрамхана бар. Оның 15 мыңы Парижде орналасқан. Қазақ мейрамханасы осындай қызу бәсекелестікке төтеп беріп қана қоймай, бүгінде біразын шаң қаптырды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан Гаухар мен Лоранның ендігі көздегені - мейрамхананы кеңейтіп, Мишленнің жұлдызын алу.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу