Көпбалалы ана көмекке мұқтаж - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көпбалалы ана көмекке мұқтаж

27.03.2018

Тілшілеріміз тұрмысы төмен немесе көмекке мұқтаж отбасылар туралы материал дайындап, елдің назарына ұсынады. Ондағы мақсат - жомарт жандарды қайырымдылыққа шақыру. Асарласқан іс жеңіл деп, тағы да тұрмыстық тауқыметті татып жүрген көпбалалы отбасының тірлігін зейіндеріңізге салмақ ниет бар.

Сағадат Убаева отбасымен Астанаға 2005 жылы келген. 7 баласы бар. Үлкен ұлы ер жетіп, бөлек басқа қалада тұрады. Сирек келеді. Жәрдемі де жоқ. Қалған алтауы қолында. Жұбайы ішімдіктің ілмегіне ілініп, екі жыл бұрын отбасын тастап кетіпті. Қазір жалғызбасты ана балаларын шама-шарқынша бағып отыр. Олар Астанадағы мына шағын саяжайда тұрады.

Сағадат Убаева,  көпбалалы ана:

- Үш жыл болды осыны жалдап тұрғаныма. 20 мың төлеймін. Кез келген жұмысты жасаймын. Қазір осы үйдің маңайында мини маркетте істеймін. Жалақым 40 мың. Жетпейді.

Саяжайдың есік-тесігінен жел гулеп, балалар сыз басып жүр. Көмірдің өзі зорға табылады. Жалғызбасты анаға үлкен қыздары ғана демеу. Мәселен, Гүлбахар анасы жұмыста болғанда іні-сіңілдеріне қамқор. Алайда, үнемі қиынның қиюын табу жасөспірімге оңай емес. 

 Гүлбахар Убаева, мектеп оқушысы:

- Балалар жылайды кейбір кезде қарыным ашты деп. Кейде қатты салқын болады. Сол кезде оларды көрпенің ішіне жатқызамын немесе тәтемнің үйіне шығартқызамын.

Бұл отбасы тұрғылықты мекенжай бойынша толық тіркеле алмай жүр. Өйткені, өз үйлері жоқ, басқаға тіркелсе бір-екі айдан соң тізімнен шығарып тастайды. Осылайша, олар үй кезегінен де ысырылып қалып жүр. Қорыта айтқанда, көпбалалы ана төзімнің таяғына таянып, жұрттан жәрдем сұрайды. Көмектің кез келген түрі артық етпейді.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу