Агротуризм ауылдан басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Агротуризм ауылдан басталады

27.03.2018

Жер жәннаты атанған Жетісу өңірінде агротуризмді дамытуға мүмкіндік мол. Себебі, Алматы облысы халқының 70 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Мамандардың айтуынша, қаланың күйбең тіршілігінен шаршаған жандар бір сәт ауылға барып, мал бағып, шөп шауып, бой сергітуді әдетке айналдыра бастаған. Әсіресе, кейінгі жылдары шетелдік туристер осылай демалуды жөн көреді екен. Жетісулықтар осы саланы жетілдіруге ден қоймақ.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

- Ауылдағы күнделікті атқарылатын тыныс-тіршіліктің бәрі агротуризмге жатады екен. Мейлі сен малға шөп сал, қора тазала оның бәрі туристер үшін өте қызық. Олар тіпті сол үшін ақша да төлейді.

Бір сәт шаруашылыққа аралассаңыз, қаладан гөрі даланың өмірі әрине, қызық. Мал жайлап, отын жардық. Қи сындырып, қаз айдап, құдықтан су алып та көрдік. Расында да бой жазасыз, таза ауамен тыныстайсыз. Өзіңізді сергек сезінесіз. «Осының бәрін қаржы көзіне айналдыруға болады»,-дейді, шеберлік сағатын ұйымдастырушылар. Батыс Еуропада мұндай туризм өткен ғасырдың 70-ші жылдарында бастау алған.

Дәріс тыңдауға келген Сағындық Әзімов те ауылдың баласы. «Көлсай көлдері» ұлттық  паркінде қызмет етеді. Былтыр ол жерде 40 мыңдай турист демалып қайтыпты. 10 пайыздан астамы - шетелдіктер. Олардың бәріне әсіресе, ауылдың тірлігі қызық болған.

Сағыныш Әзімов,  «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркі  туризм бөлімінің басшысы:

- Сүт, құрт, май, қымыз, кілегей, ірімшік сияқты табиғи заттарды, жай қарапайым тауықтың жұмыртқасы олардың кәдімгідей қызығушылығын арттырып, сол үшін де келіп жатады.

Агротуризмді дамытамын дегендерге бірнеше елдің жобасы ұсынылды. Бұл жерде ең басты мәселе тілді білу және ғаламторда өз кәсібіңді жарнамалай алу. Сонда ғана күнделікті атқарылатын қарапайым шаруа табыс көзіне айналмақ.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу