Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара ауданында суармалы егістік алқаптарды ұлғайту мақсатында ағын су жүретін арық пен каналдардың 158 шақырым жері тазаланды. Соның арқасында талай жылдан бері еш нәрсе егілмей бос жатқан 317 гектар жерге су барып, диқан биыл егін салуға қам жасап жатыр. Аймақта енді топырақтың құнарын арттыру мақсатында жер асты суының деңгейін төмендететін тік дренаждар іске қосылмақ.
Серік Бөлегенов қанша еңбектенсе де, егістік жерінен жылда жарытып өнім ала алмайтын. Өйткені, топырақ тұзданып, құнарсыздана бастаған. Ағын су да жөнді келмейтін. 30 жылдан бері тазалау көрмеген іргедегі каналдың арнасы былтыр күзде ғана аршылды. Ағысты бөгеп тұрған жағалаудың қамысы тазартылды. Істің оңғарылғанына қуанған диқан биыл егіске ерте көктемнен кірісіп жатыр.
Серік Бөлегенов, шаруа:
- Жеріміз тұзданған еді. Енді азайды. Жылда агротехникалық шараларды жақсы пайдалансақ та, 20-25 центнер ғана өнім алатын едік. Енді одан екі есе көп өнім аламыз деп отырмыз.
Су жүйелері тазарғаннан биыл Ұзын ата және Қоссейіт ауылындағы жермен жан баққан талай отбасының шаруасы ширай түсті. 9 мың гектардай жерге ағын су ешбір кедергісіз жететін болды. Бұл шаруа биыл да жалғаспақ. Су жүретін арықтардың тағы 90 шақырым жері тазаланады. Жерасты суының деңгейін төмендету мақсатында тік дренаждар іске қосылады.
Мадиярхан Мейірбеков, Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Ауданда 302 тік дренаж бар. 25-і ауданның коммуналдық меншігінде. 77-сін республикалық меншікке өткізгенбіз. Кеше «Жоба дизайн» деген мекеме арқылы республикадан қаржы бөлініп, барлық дренаждарға жоба жасалып, қайта қалпына келтіру жұмысы қолға алынғалы жатыр.
Осы жұмыстар толық аяқталғаннан кейін аймақтағы 42 мың гектар суармалы алқаптың жағдайы жақсарады. «Сондай-ақ, ағын судың жеткіліксіздігінен егіске жарамай қалған тағы 4 мың гектар жерді игеруге мүмкіндік туады», - дейді мамандар.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ