Мәжілістің бір топ депутаты Қарағанды өңірін аралап, тұрғындарға Елбасының бес әлеуметтік бастамасын және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың мән-маңызын түсіндіруде. Бүгін олар Абай қаласына барып, Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Мекеменің жетістіктері аз емес. Әсіресе, электронды қызмет көрсету ісі жолға қойылған. Алайда, мұнда кей мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Мәселен, көші-қон қызметі бойынша кадр тапшы. Депутаттар қаладағы кәсіпкерлік нысандарды да аралап көрді. Былтыр іске қосылған ет-шұжық өнімдерін шығаратын кәсіпорында 40 адам еңбек етеді. Халық қалаулылары цех жұмысшыларымен кездесіп, олардың пікірлерін тыңдады.
Майра Айсина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Екі ай өзіміздің тікелей жұмысымызбен айналыссақ, 10 күнге елге шығып келеміз. Бүгінгі сапарымыздың мақсаты - Елбасының бес әлеуметтік бастамасын елге жеткізу. Барлығы халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған. Халықтың көңілінен шығып жатыр.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ