Әр азаматтың тағдыры әрдайым қоғам назарында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әр азаматтың тағдыры әрдайым қоғам назарында

29.03.2018

Қоғам болған соң әр азаматтың мәселесі мемлекеттің назарында болмақ. Десек те, арамызда тіршілік тауқыметінен қиындыққа тап болған, көмекке мұқтаж жандар кездеседі. Ал, кейде мүмкіндігім шектеулі деп ешкімге қол жаймай, керісінше елге қызмет етсем дейтін азаматтар да  бар. Мысалы, алматылық Мұхамбетқали Мақатұлы 31 жасқа келгенше жеке төлқұжатсыз жүрген. Бүгін ол қамқор достарының арқасында құжатын қолына алды. Енді екінші кейіпкеріміз Жасұлан Үмітқазынов. Арбаға таңылса да, мойымай жұмыс істеуден жалыққан жан емес.

Мұхамбетқали Мақатұлының ата-анасы дүниеден ерте озып, жастайынан жетім өскен. Сөйтіп, қоғамнан шеттеп қалған. Айналасындағы адамдардың көмегіне зәру болды. Тіпті, 31 жасына дейін жеке куәлігін де алмапты. Жуырда оған достары Ұлттық арнаның «Қарекет»  бағдарламасына қатысуға көндіріп, тиісті мекеме өкілдерінен көмек сұрады. Артынша, Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары төлқұжатын жасап берді.

Мұхамбетқали Шәкеев, қала тұрғыны:

- Бүгін менің қуанышты күнім. Маған Халыққа қызмет көрсету орталығынан құжатымды жөндеп жасап берді. Міне, алып тұрмын. Қазақстан азаматы болдым. Халыққа қызмет көрсету орталығының ұжымына рахмет. «Қарекет» бағдарламасына түстім. «Қарекет» бағдарламасына түскеннен кейін адамдар маған көмек берді. Достарым да көмектесті.

Ал, Жасұлан Үмітқазынов - 1-топтағы мүгедек. Бірақ, арбаға таңылдым, деп жігері ешқашан жасыған емес. Бастысы, қоғамнан оқшауланбай елге қызмет етіп жүр. Қазір ол Әуезов аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығында кеңесші болып жұмыс істейді.  

Жасұлан Үмітқазынов, Әуезов аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының маманы:

- Шаршамаймын. Шаршауға бізде уақыт жоқ. Тек қана халыққа қызмет көрсету. Бізге сапалы қызмет көрсету керек.

Жасұлан қазір де болдым-толдым демейді. Тұран университетінің заң факультетінде сырттай оқиды. Себебі, кеңес сұраушылардың көбісі заңға қатысты мәселемен келеді. Сондықтан, ол болашақта өзінің көмегіне жүгінген халыққа заңдық тұрғыдан сапалы қызмет көрсетуді армандайды.

Жасұлан Үмітқазынов, Әуезов аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының маманы:

- Кейде адамдар келіп, алғысын айтып кетеді. Бізге сол алғысы болса жеткілікті. Басқа ештеңе керек емес.  

Қайырымды жандардан көмек алып, еңсесін тіктеген Мұхамбетқали енді жұмысқа тұрып, қоғамға адал қызмет етуді мақсат етіп отыр. Төлқұжаты болғандықтан, биыл оқуға құжат тапсыруды да жоспарлап қойған. Әкесінен қалған қарашаңырағын қайтарып алып, отбасын құрып, ұрпақ өсіріп, елге пайдалы іспен айналыспақшы.  

Мұхамбетқали Шәкеев, қала тұрғыны:

- «Жеке төлқұжатыңызды беріңіз» деген кезде төлқұжатымды алып, қалтамнан шығарып көрсетіп, сізге жұмысқа тұрғым келеді дейтін дәрежеге жеттік.

Тоқетері, қос азаматтың өмірі қарапайым мысал. Қазір кез келген қиын жағдайға тап болған азаматтарға Халыққа қызмет көрсету орталығы көмек беруге дайын. Өйткені, мұнда жеті жүзден аса қызмет бір жерден көрсетіледі.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу