Сәулима Ахметова: Ұрпағымды ұлттық тағаммен қамтамасыз етіп отырғаным маған қуат береді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сәулима Ахметова: Ұрпағымды ұлттық тағаммен қамтамасыз етіп отырғаным маған қуат береді

30.03.2018

«Денсаулықтың кепілі - тұрақты еңбек, табиғи, таза тағамда». Бұл – өмір бойы ата кәсіппен шұғылданып, бейнеттен қол үзбеген Сәулима Ахметованың пікірі. 80 жастағы әжей әлі тың, ешкі бағып, сүтін сауады. Соның арқасында дастарханы қаймақ-май, құрт-ірімшіктен арылған емес. Артылғаны көрші-көлемнің несібесі.

Зейнеткер Сәулима Ахметова ала жаздай сүт, айран, құрт-ірімшік іздеп, дүкен аралап көрген емес. Самайын әлдеқашан аққырау шалған қария әлі тың, қимылы ширақ. Ешкі бағып, сүтін сауады. Ауласында шағын қорасы бар. «Ешкі малының іші маңыраған лақ, еті тамағыңа бап, сүті ағып тұрған бұлақ» деп мақтайды әжей.

Сәулима Ахметова, Қостанай қаласының тұрғыны:

- Күніне бір шелек сүт аламын. Сепаратор бар. Жаздыгүні қаланың шетіне апарып, бір-екі сағат жайып аламын. Өйткені, көп шөп жейді.

Жылына екі рет егізден табатын шекшек ата түлігі өте өсімтал. Әйтсе де, әжей 15-20 бастан асырмайды. Өйткені, мақсат мал көбейту емес,  қол қусырып отырмау. «Жүріп-тұру денсаулыққа пайдалы», - дейді.

Сәулима Ахметова, Қостанай қаласының тұрғыны:

- Екеуден-үшеуден табады. Мен біреуден тапса екен деп отырамын.

Сәулима әжейдің балалары да дүкеннен сүт өнімдерін сатып алмайды. Еңбекқор кейуана бір өзі үш үйлі жанды құнарлы, табиғи тағаммен қамтып отыр. Емдік қасиеті мол, жеңсік тағамға құмар көршілерінің де қолын қаққан емес.

Гүлсім Хасенова, көршісі:

- Апамыз жасы ұлғайғанына қарамастан, осы ешкілерді өсіріп, одан алған сүтінен құрт-майын, ірімшігін жасайды. Апамыздың арқасында ешкінің сүтін алып, балаларымызға береміз. Арасында айран ұйытамыз.

Қозғалыста жүрген адамның ойы да, бойы да сергек болады. «Ұрпағымды еңбекке баулып, ұлттық тағаммен қамтамасыз етіп отырғаным маған қуат береді», - дейді Сәулима әжей.

Данияр СҰЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу