Елімізде қызметтегі әйелдердің саны артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде қызметтегі әйелдердің саны артып келеді

30.03.2018

Еліміз бойынша он мыңға жуық әйел басшылық қызметте. Ал, мемлекеттік қызметкерлердің жартысынан көбі – қыз-келіншектер. Бұл туралы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Орталық сайлау комиссиясының бірлескен отырысында айтылды.

Қатысушылардың мәліметінше, мемлекеттік органдардағы азаматшалардың саны бойынша Қостанай облысы алда келеді. Көш соңында Оңтүстік Қазақстан. Дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік индексіндегі көрсеткішіміз де жаман емес. Қазақстан 144 елдің арасында 52-ші орында. Оның ішінде білім бойынша 48, денсаулықта 36, экономикаға әйелдердің қатысуы жөнінен 30-шы орындамыз. Соңғы жылдары аруларымыздың сайлаудағы белсенділіктері де артқан.

Ләззат Сүлеймен, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

- 2016 жылғы 20 наурыздағы мәслихаттардағы сайлауды сараптаған кезде ұсынылған барлық кандидаттардың 26 пайызы әйелдер. Ол 26 пайыздың 22,5 пайызы сайланған. Бұл әйелдер кандидатураларының ойластырылған, дайындалған және саяси күресте шыңдалғанын көрсетеді.

Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу